Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Біздің сүреңсіз киім бәсекеге қабілетсіз” — Қазақстан құрамасының Олимпиадаға арналған формасы тағы да сынға қалды

Сынға қалды

Фото::facebook.com/nikolaj.enelane

Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалғанда, әлем назарын аудартатын додада қазақстандық спортшылар киетін салтанатты форма жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде бұл киімнің дизайны мен көркемдік деңгейіне қатысты сын көбейді.

Осы мәселеге қатысты журналист Николай Энелане де өз пікірін білдіріп, ұсынылған форманы қатаң сынға алды. Оның айтуынша, ұлттық құраманың киімі заманауи талаптарға сай емес әрі халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алмайды.

"Талғамды дамыту үшін, эксперимент ретінде министрдің өзі Олимпиадаға осы форманы киіп барсын. Өзі сезініп көрсін. Демеушілер есебінен тігілгені жақсы, бірақ оны үлкен жетістік ретінде көрсетуге болмайды. Керісінше, мұндай талғамсыз дүниеге қолдау көрсеткен демеушілерді аяп отырмын. Ал спортшылардың жағдайы тіпті аянышты. Оларға "ту тұрса болды емес пе, киіп жүре беріңдер" дегендей көзқарас танытылған. Басқа елдердің формасымен салыстырғанда біздің сүреңсіз киім бәсекеге қабілетсіз. Тәуелсіздіктің 35-жылына аяқ бастық, бірақ әлі күнге дейін талантты отандық дизайнерлермен жұмыс істей алмай келеміз. Әлде мәселе шенеуніктердің өзінде талғамның жоқтығында ма?" – дейді ол.

Сынға қалды

Үкіметтегі отырыста Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та пікір білдірді. Министрдің мәлімдеуінше, салтанатты форма толықтай Қызылорда облысындағы отандық брендтің күшімен дайындалған.

Оның айтуынша, форма әзірлеу барысында ұсыныстар мен ескертулер назарға алынған. Сонымен қатар алдағы Азиада ойындарына арналған киім үлгісін таңдау үшін ашық конкурс өткізілмек.

"Қазіргі салтанатты форма спортшыларымызға ұнап отыр. Барлығы тігілді, спорт қауымдастығымен бірлесе отырып келісілді. Салтанатты формадан бөлек, бізде жарыс кезінде қолданылатын спорттық жауынгерлік экипировка бар. Биыл дәл осы экипировканың нәтижеге тікелей әсер ететінін ескере отырып, халықаралық Under Armour брендімен келісімшарт жасадық. Бұл форма спортшыларымыздың жарыстарда қолдануы үшін алынған", – деді министр.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов алдағы уақытта отандық дизайнерлер мен брендтер қатысатын ашық байқау ұйымдастырылатынын атап өтті

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 21:18