"Құқығымызды таптап отыр": Алматы әуежайындағы кәсіпкерлер дүңгіршектер мен дәмханалардың сүрілуіне наразы
Фото: Wikimedia commons
Алматы әуежайында бірнеше жылдан бері шағын бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер наразылық білдірді. Әуежай басшылығы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, сол себепті "заңсыз" ашылған кафелер мен сауда орындары, дүңгіршектер бұзылатынын мәлімдеп, орынды босатуды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, әуежайдағы бұл дау екі жыл бұрын басталған. Себебі басшылық барлығын сүріп тастамақ. Кәсіпкерлер содан бері басшылықтан құқай көріп келеміз, тіпті ақша талап етті деп ашулы.
"Олар менің отбасыма қоқан-лоқы жасады. Ал қазан айында әуежай басшылығы менен бір миллион доллар сұрады. Ақша берсең, жұмысыңды ары қарай жалғастырасың деді. Мен бас тарттым. Сөйтіп олар менің күйеу баламның үстінен қылмыстық іс қозғады", – дейді кәсіпкер Айжан Бектібаева.
Заңгерлер әуежайдағы кәсіпкерлерді заңды күшіне енбеген сот шешіміне сүйеніп көшіріп жатқанын айтады.
"Меншік иесі ауысқаннан жалға алушылар зардап шекпеуі керек. Біздің құқығымызды таптап отыр. Әуежай иелері өзгергенімен біздің бұған дейінгі келісімшартымыз күшін жойған жоқ", – дейді заңгер Ольга Брулёва.
Бүгінде әуежайдағы шағым түсірген отыздан астам кәсіпкердің қол астында екі жүзге жуық жұмысшы жұмыс істейді. Ондағы кәсіпкерлердің бірі асханамен айналысса, енді бірі кәдесый сатады.
"Қарамағымызда 20-дан астам жұмысшы бар. Халыққа қызмет істейді. Әуежайда болып жатқан жағдай бізге өте ауыр тиді. Өйткені халыққа тамақ беретін, қызмет ететін жерімді қыстырып тұрып жауып тастады. Қазір ол менің күйеуімнің атында. Қол астымдағы 20 адам да осы жұмысқа қарап отыр", – дейді кәсіпкер Алмагүл Әлиева.
Тек кәсіпкерлердің уәжіне құлақ асып жатқан жан жоқ. Тіпті дүңгіршектердің алдын сүрмек болған.
"Біз инфрақұрылымға аса мән беріп жатырмыз. Жалпы жөндеу төрт кезеңнен тұрады. 2028 жылы алғашқы кезеңі аяқталады деп үміттенеміз. Алғаш рет ескі терминалға толық жөндеу жүргіземіз. Оның ішінде заңсыз тұрған дүңгіршектер, кафе, түрлі сауда орындары да бұзылады", – деп мәлімдеді Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе.
Кәсіп иелерінің қолында ескерту қағазы болғанымен, сот шешімі әлі шықпаған. Сондықтан техникасын алып келгендердің үстінен кәсіпкерлер полицияға шағым түсірді. Әуежай басшылығы "мүлік иесі" деп мәселені әкімдікке сілтеп отыр.
"2023 жылы сот шешімімен әуежайдағы 30-ға жуық нысанды өздері қайтарып алды. Қазір ондағы дүңгіршектердің қала әкімдігіне еш қатысы жоқ. Сондықтан оған біз жауапты емеспіз", – дейді Алматы қаласы мемлекеттік активтер департаменті басшысының орынбасары Жантөре Айтжанов.
Әкімдік пен әуежай басшылығы осылайша жауапкершілікті бір-біріне ысырып отыр. Ортасында кәсіпкерлер зардап шегуде. Негізі жөндеу жұмысына, жалпы сауда орындарын түгел жаңалауға бутик иелері де қарсы емес, тек "орнымыз сақталса" дейді.

"Сүт қосылған шай ішіп, Күнге қарап табынады": Қазақстанда шектеу қойылған "Алля Аят" діни-мистикалық ұйымы ауыл халқын үрейде ұстап отыр
