Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Біздің балаларымыз да жүйенің құрбаны”: Ақтөбеде жасөспірім өліміне күдікті ретінде 10 оқушы қамауға алынды

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында мектептегі әлімжеттіктің құрбаны болған Нұржан Садықовтың өліміне қатысты күдіктілердің саны артты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полиция 10 оқушыны қамауға алды. Тағы екі күдіктінің мекенжайы анықталып жатыр.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы мектептің 10-11 сынып оқушыларының ата-аналары облыстық прокуратураға келді. Себебі 14 жастағы Нұржан Сыдықовтың өліміне қатысты полиция тағы бірнеше оқушыны қамауға алды.

Қылмыстық іс “Адам өлтіру” бабымен тергеліп жатыр. Күдіктінің ата-аналары бұған наразы. 

“Мен – 10 сынып оқушысы Жансен Мәметовтің әкесімін. Балам 14 жаста. Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-тармағымен қамалды. Қазір 99-баптың 2-тармағына ауыстырды. Балам 4 қыркүйектен бастап қамауда отыр. Бұл балалар қасақана адам өлтірген жоқ. Бірге араласып, бірге ойнап жүрген балалар. Адам өлтіремін деп барған ойы жоқ. Менің баламның өзі де осы жерде жәбірленуші, орындаушы болып тұр. 11 сынып балалары ұйымдастырып, апарған. Ұруға мәжбүрлеген. Мектепте әлімжеттік бар. Былтыр осы жағдаймен іс тіркеліп, балалар ұсталып, аяқсыз қалды. Өзімнің балам 10 сыныпқа келгенде құрбаны болып тұр”, – деді ата-ана Нұржан Төлебаев.

Ақтөбедегі облыстық прокуратураның алдына жиналған ата-аналардың әрқайсысы өз баласының аса ауыр ауыр қылмысқа қатысы жоғын айтты. Прокуратурадан көмек сұрады. Айтуларынша, әлі де қамауға алынбаған күдіктілер бар.

“Оқиғаға бірінші себепкер болған бала қамалған жоқ. Ол оқиға орнында болды. Неге жауапқа тартылмайды? 10 сыныптағылар 9 сынып балаларын ұрып жатқан кезде “10 сынып жай ұрып жатыр, біз кезінде осылай  таяқ жедік па, мұндай болғанда күнде көшеге шығатын едік” депті. Бұл биыл мектеп бітірген бала. Қорыққаннан 11 сыныптағылар 10 сынып баларына бір-бір соққы жасаған. Сол кезде ол кетіп қалған. Сыдық Нұржан құлаған кезде балалар оған хабарласқан екен, “мен сендерге емші емеспін” деген. Балалар алғашқы көмек көрсеткен. Бұл жерде балалар Қылмыстық кодекстің 99-бабы өте ауыр бап. Қазір кейбір ата-аналар қорғаушыларымен бірге менің балама қылмысты жапқылары келіп жатыр. Мен оған жол бермеймін, баламды қорғаймын. Осыған дейінгі жағдайдың зардабын тартып жатырмыз. Бәріміз де кезінде алдын алмаған жүйенің жәбірленушісіміз”, – деді ата-ана Маржан Ибраева.

Күдікті оқушылардың ата-аналары прокуратураға хат жазып, көмек сұрап жүр.

Ал жәбірленуші тарап тергеу ісіне көңілдері толатындарын айтты.

“Қылмыстық іске қатысты баппен келіспесе еріктері. Олар абайсызда болған жағдай дегенді алға тартады. Бірақ, сол жерде 18 адам болды. Бәрі де адамның қалай өлгенін бақылап, қарап тұрды. Енді қылмысқа қатысты өзгертілген бап болған жайды толық сипаттайтын болады. Осы бап арқылы әділдікке қол жеткіземіз деп сенеміз. Енді бәрін сот шешетін болады”,- деді марқұм Нұржан Сыдықовтың апасы Аяжан Сыдықова

Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмыстық істің бабы өзгергенін, күдіктілердің саны артқанын растады.

“Полиция департаменті кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Жанжалдың барлық қатысушылары анықталды. 10 күдікті қамауға алынды. Тағы екі адамның тұрғылықты мекенжайы анықталып жатыр”,- деді облыстық ПД.

Оқиғадан кейін мектеп директоры мен мен аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен кетті.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде өзінен кіші баланы өлтірді деп күдікке ілінген оқушының анасы ұлына ауыр айып тағылғанына наразылық білдіріп, редакциямыздан көмек сұраған еді. 

Талқылау