"Бізді алып кетіңізші": Түркістан облысында лагерьге келген балалар жылап үйлеріне қайтаруды сұраған (видео)
Түркістан облысында балалар лагеріне қатысты дау туды. Әлеуметтік желіде жылап, үйлеріне қайтаруды сұраған балалардың видеосы тарады. Автордың сөзінше, балаларды бұзылған тамақ және қатқан нанмен тамақтандырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Видео сыртындағы дауыс лагерьде екінші қабаттан құлаған қызға медициналық көмек көрсетілмегенін мәлімдеді.
Бұл лагерь Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында орналасқан. Желіде талқыға түскен екінші бейнежазба авторы видеоның Састөбе ауылындағы Арман лагерінде болғанын айтады. Кадрлардан тәрбиешілер мен тәлімгерлерді көруге болады. Автордың пікірінше, олар жұмыс кезінде алкогольді ішімдік ішеді.
Түркістан облыстық білім басқармасының өкілдері бұл лагерьлерді тексеру үшін мамандардың жіберілгенін хабарлады.
"Білім басқармасы үшін балаларды жазғы лагерьмен қамтамасыз ету маңызды. Облыстық білім басқармасы басшысы дінислам Болатханұлының тапсырмасымен Түлкібас ауданындағы лагерьге ағарту бөлімінің бас маманы Клара Оспанова мен Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы Анафия Арыстанбекова жіберілді. Олар бұл іспен шұғылданады, қосымша ақпарат жинайды", – делінген ақпаратта.