Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз жеңеміз": Алматыда 5 адамды атып өлтірген Игорь Дужнов сотта соңғы сөзін айтты

Алматыда өзін үйінен шығармақ болған сот орындаушысын, екі полицей мен екі тұрғынды атып өлтірген Игорь Дужнов сотта соңғы сөзін айтты. 2 минут 48 секунд сөйлеген сотталушы өз кінәсін сол күйі мойындамады. Жасаған ісіне өкініш те білдірген жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

Дужнов бірінші кезекте адал қызмет атқарған қорғаушылары Николай Харченко мен Екатерина Безлатневаға алғыс білдірді. 

"Біздің елде шынайы іс атқаратын адамдардың барлығы несиеге батқан. Ол аздай, банктердің ішінде тоналғандарды тонайтын топтар бар.   
Оған дәлел - Тұрғановтың (Үйден шығару кезінде Дужнов атып өлтірген үйдің жаңа иесі) кепілге қойылған мүлік аукциондарының 72-сіне қатысып, менің үйімді сарай құнымен алуы. Тергеуде бұл туралы ешбір сұрақ туындамағаны қалыпты. 

Бүгінгі күнге Қазақстан азаматтарының материалдық тұрғыдан ара-қашықтығы алшақ. Олар әділеттілікті қалайды", деді Дужнов. 
Ол соңғы сәтке дейін үйден қуылатынына сенбегенін атап өтіп, зардап шеккендерге қатысты ешқандай кек сақтамағанын және сақтамайтынын жеткізді. 

"Өйткені олар мемлекетті бұзатын жүйенің жемісі. Учаскелік полицейлер үйден шығарғанға дейін бірнеше күн бұрын менің отбасымды сот орындаушыларынан қорғауға уәде берген. Бірақ Әбенов (Дужнов атып өлтірген жеке сот орындаушы) берген кішігірім сыйақы олардың жоспарын өзгертті. Әсіресе, учаскелік полицейлердің бірі сол күні ауысымнан кейін демалыс алған, ол негізінде үйінде болуы керек еді", - деп түсіндірді сотталушы. 



Дужнов заңға қызмет ететін осындай адамдардың арқасында елімізде суицидтің көрсеткіші жоғары екенін айтты.

"Қазақстан әлем бойынша суицидтен үшінші орын алады. Бұл осындай заң қызметкерлерінің де жемісі. Менің отбасым көптеген заңсыз шешімдердің салдарынан торығып кетті. Бірақ мен қашанда өз өмірімді аямастан, отбасымды, қажет болса елімді қорғауға дайынмын. Осы жағдайдан кейін Қазақстан президентінің адамдарды үйден шығаруға мораторий енгізіп, менің отандастарымның өмірін улаған көптеген заңдардың күшін жойғаны қуантады. Елімізде билікті деолигархизациялау процесі басталғанына бақыттымын. Мұның барлығы адамға үміт береді және мен көрген бейнеттің есебін қайтарады", - деді Игорь Дужнов.   

Дужнов 5 адамды атып өлтіруін "халықтың игілігіне жасалған іс" деп бағалады. 

"Менің еркіндігім үшін күрестің әлі жалғасатынын білемін. Сөзсіз, біз жеңіске жетеміз", - деп түйіндеді сөзін Дужнов. 

Айта кетейік, Игорь Дужновтың ісі бойынша сот үкімі 26 сәуір күні сағат 15.00-де жария етіледі. 

Еске сала кетейік, 2021 жылдың қыркүйегінде Алматының Ақбұлақ ықшамауданында 5 адамды атып тастаған Игорь Дужновтың ісі қоғамда резонанс тудырған болатын.

20 қыркүйек күні кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов өзінің отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ жаудырған. Екі полицей, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі және оның өкілі қаза тапты.

Игорь Дужнов ұсталып, "Адам өлтіру" және "Құқық қорғау органдары қызметкерінің жеке өміріне қол сұғу" бабы бойынша қылмыстық істі тергеу басталды. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін прокурор Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді.

Талқылау