Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Amazon-нан Қазақстанға тапсырысты жеткізу бағасы неге төмендеген жоқ – "Қазпошта" түсіндірді

Былтыр "Қазпошта" басқарма төрағасы Әсел Жанасова қазақстандықтар үшін Amazon-нан жеткізу мерзімін және құнын 7-9 долларға дейін төмендету жөнінде келісімге келгенін айтқан еді. Алайда платформа арқылы елімізге тапсырысты жеткізу әлі де қымбатқа шығады. Stan.kz тілшісі мекемеден неліктен жеткізу шығындары азаймағанын және келісім қашан жүзеге асырылатынын сұрап көрді.

Фото: focus.ua

2023 жылы басқарма төрағасы Әсел Жанасова желідегі парақшасында қазақстандық азаматтар үшін жеткізу қызметтерін жақсарту жоспарланып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде Amazon-нан Қазақстанға тапсырыс жеткізу құны 75 долларға (шамамен 36 525 теңге) тең.

"Amazon, Aliexpress сияқты онлайн-платформалардан тауар сатып алатын көптеген қазақстандықтың ортақ мәселесі бар. Біз "Қазпоштада" бұл мәселені білеміз. Қазақстанға тапсырыстар неліктен ұзақ уақыт жеткізіледі, неге қымбатқа түседі. Эстонияның Omniva пошта қызметімен серіктестік аясында Қазақстан тұрғындары үшін Amazon-нан келетін тапсырмаларға жеткізу қызметін жақсартуға, сондай-ақ жеткізу мерзімдерін қысқартуға және оның құнын 7-9 долларға (4 383 теңге) дейін төмендетуге келістік. Мұның бәрі биыл жүзеге асады. Cainiao компаниясымен бірге Alibaba, Aliexpress, Lazada секілді маркетплейстерден Қазақстанға жеткізу қызметтерін жақсартуға келістік", – деп жазған еді Әсел Жанасова.

Редакция Amazon компаниясы шығындарды қанша көлемге азайтатынын "Қазпошта" басқармасының баспасөз хатшысы Болат Бұхарбайдан сұрады.

"Amazon тарапынан қазір тек конструктивті түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бойынша үлкен жұмыстар атқарылды деп айту қиын. Жақын арада өзгерістер болады. Дегенмен біздің халықаралық бөлімдегі қызметкерлер осы салада жұмыс істеп жатыр. Ал шығындарды реттеу ол Amazon-ның құзыретінде. Олардың өз қолдарында, біз оларға бұйрық бере алмаймыз. Дүниежүзілік пошта одағына мүше мемлекеттердің бәрі белгіленген тарифпен ғана жұмыс істейді. Әрқайсысы қалаған бағасын үстіне қосады немесе төмендетеді деген мысал жоқ. Ал негізгі жалпы табыс маркетплейстің өзіне түседі", – деп жауап берді Болат Бұхарбай.

Баспасөз хатшысының айтуынша, қазір әлемдегі пошталардың көбі шығынға батып, жабылып жатыр. Осыған байланысты бірқатары жұмыс істеу стилін де өзгерткен.

"Мысалы, бұған дейін Aliexspress 45 күнде тапсырысты жеткізіп беретін. Себебі елімізде Қытайдың тікелей жеткізіп беруге ықпал ететін орталықтарымен келісімшарт жасалмаған еді. Арамызда тасымалдаушы ретінде еуропадағы Польша елі мердігер ретінде әрдайым жүретін. Себебі Қытайдан шыққан тауар Еуропаға, ал сол жерден Қазақстанға тасымалданатын. Ал қазір 2 аптада Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіледі", – деді Болат Бұхарбай.

Алайда одан Amazon компаниясымен келісім нақты қашан жүзеге асырылатынын сұрағанда мардымды жауап бермеді. 

Айта кетейік, Amazon – әлемдегі ең ірі интернет-дүкен және технологиялық компания. Ол 1994 жылы Джефф Безос (Jeff Bezos) тарапынан АҚШ-тың Вашингтон штатында негізделген. Бастапқыда кітаптарды онлайн сатудан басталған Amazon, қазір электроника, киім-кешек, үй жабдықтары, азық-түлік және тағы басқа көптеген өнімдерді сататын платформаларға айналды.

Талқылау