Біз екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын жоспарлауға кірісуіміз керек – Тоқаев
Фото: Istockphoto.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын жоспарлауға кірісуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын "жасыл" энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады. Бірақ, Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы. Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша. Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба "Росатоммен" бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек”, – деді ол.
Осы орайда президент Қытайға жасаған сапары кезінде екі елдің атом саласында стратегиялық әріптестік туралы келісім жасалғанын да ерекше атап өтті.
“Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді. Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек", – деді Тоқаев.
Бір ай бұрын Алматы облысында алғашқы атом электр станциясының негізі қаланған еді.

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
