Биыл Атырауда 27 мектеп оқушысы жүкті болып қалған
Биылғы оқу жылында Атырау қаласындағы мектептерде оқитын 27 жоғары сынып оқушысы жүкті екені анықталған. 21 қыздың жүкті екендігі алғашқы үш тоқсанда анықталса, соңғы тоқсанда тағы 6 жасөспірімнің «ана» атанатындығы белгілі болған.
Сурет: novayagazeta-ug.ru
Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.
2014-2015 оқу жылында оқушылар арасында жүктіліктің 22 жағдайы тіркеліпті. Ал, биылғы оқу жылында ерте жүкті болғандар саны 5-ке артқан. Қыздардың ерте жүкті болуы Атырау қаласындағы №8, №12, №15, №24, №18, №32, №19, №36, сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев, Амангелді, Фариза Оңғарсынова атындағы мектептерде тіркелген.
Мамандар әсіресе ата-анасынан көп қолдау көрмейтін оқушы қыздардың ерте жүкті болып қалатынын жасырмайды. Өйткені, ата аналар өз балаларымен жыныстық қатынас жөнінде әңгімелеспейді, дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.
Облыстық білім беру басқармасы мектеп оқушылары арасында «жыныстық қатынас жөнінде ақпаратты қайдан білесің?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген. Анонимді түрде жауап бергендердің 45 пайызы жыныстық қатынас туралы достарынан білгенін айтса, 36 пайызы ақпаратты эротикалық кинолардан алғанын, тек 8 пайызы ғана ата анасынан білгенін жеткізіпті. Ал оқушылардың бірде-біреуінің ұстаздары мен психологтардан және әлеуметтік қызметкерлерден бұл тақырыпта сұрауға батылдары жетпеген.
«Қызының жүкті екенін білгенде отбасы мүшелері алдымен мектепті кінәлайды. Алайда, мәселе тек білім беру орындарында емес. Бала тәрбиесінде екі жақта бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Өкінішке орай, оны көп ата-ана түсіне бермейді», – дейді Злиха Дүйсекенова.
Қалай десек те, саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін сынып жетекшісі, мектеп психологы, отбасы мүшелері мен туыстары бірлесіп жұмыс істегені жөн.
Жіберіп алмаңыз:
ОҚО-да жыл басынан бері 100-ге жуық оқушы жүкті болып қалған