Бішкекте Яндекс.Такси жүргізушілері ереуілге шықты
Бішкекте Яндекс.Такси қызметінің жүргізушілері ереуілге шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: azattyk.org
Компания кеңсесінің алдында өткен акцияға қатысушылар Яндекс.Такси табыстан 21% комиссия алатынын, бұл көрші Қазақстанмен салыстырғанда үш есе көп екенін айтады.
"Егер такси жүргізушісі, мысалы, 120 мың сом тапса, оның 26 мың сомы Яндекске кетеді, тағы 4 мың сомы такси компаниясына түседі. Яғни, 30 мың сомды компаниялар алып жатыр", – дейді митингіге қатысушылардың бірі Анжела Қасымова.
Жиналғандар ел билігіне үндеу жолдап, Яндекс.Таксидің әрбір тапсырыс үшін алатын комиссиясын 7 пайызға дейін төмендетуді сұрады. Шерушілерге компания атынан ешкім шықпаған.
Бұған дейін Жогорку кенеш депутаты Жанарбек Ақаев Қырғызстандағы такси нарығының 90 пайыздан астамын бақылайтын Яндекс.Таксидің комиссиясының ұлғаюына алаңдаушылық білдірген еді. Депутат осыған байланысты министрлерді шара қабылдауға шақырды.
Еске салсақ, Қазақстанда 1 қаңтардан бастап InDrive және Яндекс таксилері оң рульді көліктермен жүре алмайтынын хабарлаған болатынбыз.