Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың туысы мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін бе – Ішкі істер министрі жауап берді

Байжанов-Жоғарғы сотФото: Жоғарғы сот

Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрі Ержан Сәденовке Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына қатысты сұрақ қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сәденовтың айтуынша, әзірге Байжановты мерзімінен бұрын босату туралы ешқандай өтінішхат түспеген.

"Мерзім Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес белгіленеді. Мерзімінен бұрын босату тек сот шешімімен анықталады. Ол үшін өтінішхат беріледі, ол қаралып, сотқа жолданады. Әзірге Бишімбаевтың інісі бойынша мұндай материалдар келіп түскен жоқ. Ол босатуға өтінішхат түсірсе, сот оны қарайды", – деді министр.

Сондай-ақ министрге саяси баптар бойынша сотталғандарды қамауда ұстау жағдайлары туралы сұрақ қойылды. Сәденов олардың барлығы колонияда және белгіленген нормалар аясында жағдай жасалғанын айтты.

"Оларға бас бостандығынан айыру орындарында бекітілген кестеге сәйкес қалыпты жағдай жасалған", – дейді ішкі істер министрі.

Айта кетейік, 2024 жылдың 13 мамырында Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жыл бас бостандығынан айырылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бақытжан Байжанов Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылыққа ілігуі мүмкін екенін айтқан еді.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 12:23
Талқылау