Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтің ісі: Алқабилер қателескен жағдайда да аппеляциялық сот үкімді жоққа шығара алмайды

Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында әйелін өлтірді деп сотталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үкімін апелляциялық сот қайта қарай ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот

Сот алқабилердің арасында бұрын сотталғандардың немесе туыстарының болуы сияқты процессуалдық мәселелерді ғана қарай алады. 

“Бұл ретте сот алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімдерді, шағымдарды, прокурордың өтінішхатын қарау кезінде үкімнің дұрыс-бұрысын талдауға құқығы жоқ. Мүмкін алқабилер қателесіп, жазықсыз адамды соттаған шығар немесе керісінше, қылмыскерді ақтап алған болар. Яғни, судьялар бұл туралы мүлдем ештеңе айта алмайды және мұны талдамайды. Тек қайта тексеруге болатын процедуралық мәселелерді қарайды”, – дейді Назгүл Рахметуллина.

Спикердің айтуынша, Бишімбаевтың ісі тараптардың, оның ішінде сотталушының өтініші бойынша трансляцияланды. Сот отырысы ашық форматта өтті, сот залына кез келген адам қатыса алады. Алайда материалдық-техникалық ресурстардың жоқтығынан және процестің көп еңбекті қажет ететінінен барлық сот процестерін жаппай көрсету мүмкін емес.

Сондай-ақ Назгүл Рахметуллина халықтың құқықтық сауатын арттыру және қылмыстың алдын алу үшін есірткі бизнесі сияқты өзекті тақырыптардағы сот процестерін трансляциялаудың маңызын атап өтті.

“Бұл – бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Өкінішке қарай, мұндай қылмыс жасайтын жастар мен жасөспірімдер көп. Ал мұндай сот процестері мен хабарлар өскелең ұрпақ пен кәмелетке толған азаматтарға мұның қылмыс екенін және оның түбі жаза екенін түсіндіруге, қоғамымызды жақсартуға бағытталған”, – дейді Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

 

Талқылау