Бишімбаевтың анасы туыстарымен соттасып жатыр: Адвокат Ғазымжанов 1 миллион доллар болғанын растайтын дәлелдер ұсынды
Фото: Жоғарғы сот
Астанада Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова мен 1 миллион доллар жымқырды деп айыптаған туысы Бекзат Кемелова арасындағы сот отырысы жалғасып жатыр. Процесс кезінде екі тараптың адвокаты жаңадан табылған дәлелдемелерді көрсетіп, дауласты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің адвокаты Ерлан Ғазымжанов Нұрлыбекованың Halyk Bank шотында бір миллион доллардан астам қаражаттың бар екенін растайтын дәлелдер табылғанын айтты. Сондай-ақ ол қаржының жымқырылған деп мәлімделген сомадан айтарлықтай асып түскенін мәлімдеп, өтініш берді. Айыпталушы Бекзат Кемелова бұған дейін мұндай қаражаттың барын жоққа шығарған еді.
“Қорғауымдағы азаматтың банк шотынан үзінді көшірме таптық. Құжатта қанша ақша алынғаны, олардың доллармен сақталғаны және соманың қорғаушы тарап жоққа шығарып отырған көлемнен әлдеқайда көп екені көрсетілген. Олар бұл дәлелдерді көрген бойда наразылығын білдірді. Өйткені олар қылмыстық жауапкершіліктен кез келген жолмен қашуға тырысады”, – деді адвокат.
Адвокат Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, Альмира Нұрлыбекова бұл ақшаны 2017 жылдың қаңтарында алған.
“Айыпталушы Кемелова: “Бұл ақша қайда, көрсетіңіздер. Оның мұндай қаражаты болмаған, ол ақшаны қайдан алды?” деп айтқан еді. Бірақ біз дәлелдерді ұсындық. Ол кезде Нұрлыбекова шынымен есіне түсіре алмаған. Енді біз мұны анықтап, дәлелін тауып, іске тіркегіміз келеді. Айыпталушы тарап адвокаты Вранчевтің ашулануы өте таңғаларлық жағдай. Себебі ол Бишімбаев ісінде өзі де жаңа дәлелдер мен куәгерді тергеудің соңында қосып, мұндай әрекеттің заңды екенін айтқан еді. Ал қазір сол әрекетіне өзі қарсы шығып отыр”, – деді Ғазымжанов.
Антикордан қорыққан Бишімбаевтың анасы туыстарына 1 миллион долларды қалай бергенін айтты
Ғазымжанов сотқа тиісті өтінішті мәлімдегеннен кейін, айыпталушының адвокаты Игорь Вранчев оны іске қосуға қарсы екенін айтты.
Оның айтуынша, тергеу аяқталып қойды. Ал жәбірленуші тарап дәлел базасындағы олқылықтарды сот процесінде толтыруға тырысып жатыр.
“Әр жауап алу мен беттестіру кезінде Кемеловаға Нұрлыбекованың шамамен бір миллион доллар көлеміндегі ақшасының заңды жолмен алынғанын және бар екенін растау туралы сұрақ қойылды. Бірақ беттестіру кезінде Нұрлыбекова бұл ақшаны қайдан алғанын есіне түсіре алмайтынын айтты. Сондай-ақ ондай қаражаттың қолында 10 жылдан бері болғанын ғана жеткізді. Тергеу осыған қатысты құжаттарды іздеді, бірақ таппады. Өкіл (жәбірленуші тарапы) ұсынған 2016 жылғы декларация бұл ақшаның заңды жолмен алынғанын емес, тек заңдастырылғанын көрсетеді. Сондықтан оны заңды дәлел ретінде қарастыруға болмайды. Тергеу аяқталған соң адвокаттың кез келген жаңа дәлелін қабылдау заңға қайшы”, – деді Вранчев.
Сот отырысында үш куәгерден жауап алынды:
– Нұрлыбекованың жиені Руслан Нұрлыбек;
– оның әпкесі Ұлжан;
– үй қызметшісі Күнсұлу Қожахметова.
Жауап алу кезінде жәбірленушінің жиені Бекзат Кемелованың Бишімбаевтардың пәтеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тінту жүргізетінін жеткізгенін айтты. Сондай-ақ Нұрлыбекованың белгілі бір мөлшердегі ақшаны туысына сақтау үшін бермек болғанын, тіпті берілетін соманы да нақты айтқанын мәлімдеді.
Алайда Вранчев куәгердің бұған дейінгі және қазіргі жауаптарындағы сома мөлшеріне назар аударды.
“Ол бұрын 500 мың доллар десе, қазір бір миллион деп отыр”, – деді адвокат.
Ал куәгер айырмашылықты доллар бағамының өзгеруімен түсіндірді.
Нұрлыбекованың әпкесі Ұлжан да дәл сол күндері Бишімбаевтардың үйінде болғанын, Кемелованың тінту туралы айтқанын және Нұрлыбекованың қатты қобалжығанын жеткізді.
Үй қызметкері Күнсұлу Қожахметованың айтуынша, Нұрлыбекова Бекзат Кемеловаға көк шабадан берген. Ал кейінірек оның ішінде дәл сол ақша болғаны анықталған. Қожахметова чемодан бұған дейін дәрі сақтауға пайдаланылғанын, сол сәтте ештеңеден күдіктенбегенін айтты.
“Кемелованың көк шабадан көтеріп жүргенін көрдім. Альмира Нұрлыбекова, қызы Аружан Бишімбаева және жиені Мирас оның жанында жүрді. Осыдан кейін Кемелова қайта келмеді”, – деді куәгер.
Үй қызметшісі шабаданның ішінде не бар екенін білмейтінін және үйдегі құжаттарға назар аудармағанын айтты. Сондай-ақ ол Нұрлыбекова мен Кемелованың арасындағы жағдайдан хабарсыз екегін жеткізді.
“Кемелова түскі астан кейін келді. Екі-үш сағаттан соң кетіп қалды. Оның соңғы рет қашан келгені есімде жоқ. Бірақ Бекзат Кемелова мен оның ұлы Бектас көк шабаданды өзімен бірге алып кеткені есімде”, – деді үй қызметшісі.
Альмира Нұрлыбекова сот отырысына қатысқан жоқ. Куәгер онлайн куәлік берді. Сотталушының адвокаты Игорь Вранчев оның сотқа келуін сұрап, өтініш білдірді.
Айта кетейк, бұған дейін Бишімбаевтың ата-анасы өз туыстары – Қайрат және Бекзат Кемеловтермен соттасып жатқанын айтқан едік. Альмира Нұрлыбекова Бекзатты шамамен 1 миллион доллар көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның күйеуін жалған ақпарат таратты деп айыптаған.
"Фонограммасыз ән айтуға біздегі аппаратура жарамайды": Қазақстандық әншілер жаңа заңға қатысты ойларын айтты