Бишімбаев алқабилерді сатып алуы мүмкін бе – Бас прокуратура жауап берді
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев экс-министр Қуандық Бишімбаев алқабилерді сатып алуы мүмкін деген қазақстандықтардың уайымына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Астана қаласы ауданаралық сотының баспасөз қызметі
Алқабилерге пара беріп, шешімді әділетсіз шығаруы мүмкін деген алаңдаушылықты Әсет Шыңдалиев сейілтуге тырысты.
"Бишімбаевқа қатысты сот объективті болады. Бейтарап. Сот ашық өтіп жатыр. Барлығы объективті болады", – деді бас прокурордың орынбасары мәжіліс сыртында.
Әсет Шыңдалиев алқабилердің объективтігіне кім кепілдік бере алатынын түсіндірді.
"Алқабилердің көздегені болса, ол үшін жауапкершілік бар. Мұндай фактілер анықталса, алқабилерді таратуға мүмкіндік бар", – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаевты ешкім қорғап жатқан жоқ.
Сонымен қатар ол журналистердің Бишімбаевқа қатысты сот процесінде сот залына кіргізілмегеніне қатысты түсініктеме берді.
"Соттағы тәртіпті қамтамасыз ету керек, өйткені бұл "ток-шоу немесе телешоу емес", – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін сот Бишімбаевтың істі алқабилер сотында қарау туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Басты сот 27 наурызда өтеді.