Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеп жатыр

Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін айтылғандай, бақандай 5 миллард теңге мақсатсыз жұмсалды деген мәлімет бекер емес сияқты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

2016-11-23-pensionnaya-sistema

Фото: zonakz-net.livejournal.com

Жеке компаниялардың бірімен биржада жасаған құнды қағаздар операциясы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің күдігін туғызып отыр. Дегенмен, тергеу құпиясына байланысты әзірге ешқандай ақпарат айтылмады. Ал, Ұлттық Банк қылмыстық істің аяқасты қозғалғанына қарамастан, салымшыларға қобалжуға еш негіз жоқ деп сендіруде.

Күні кеше ғана Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын «тек тексеріп жатырмыз» деп салымшыларды сабасына түсірмек болған Ұлттық Банк бүгін дүйім елдің алдына шығып шындықты айтты. Сөйтсек, «терсеріс» дегені – тергеу екен. Ал істі анау-мынау емес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзі қозғаған.

“Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс қозғап, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорын тексеруді бастап кетті. Қазір тергеу жүріп жатыр. Тексеру жұмыстарына Ұлттық Банк те тартылды. Дәл қазіргі уақытта зейнетақы қоры жүргізген барлық операциялар және осы 5 млрд теңгеге қатысты келісім-шарт жіті тексерілуде. Тергеу құпиясына байланысты бұл қылмыстық іске қатысты ешқандай мәлімет бере алмаймыз”, – деді Ұлттық банкінің басқарма басшысы Александр Терентьев.

Қылмыстық істің қандай баппен қозғалғаны әзірге құпия. Белгілісі – оған 5 млрд теңге мақсатсыз жұмсалды деген мәлімет түрткі болған. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры бұл қыруар қаржыға «Бузгул Аурум» компаниясының құнды қағаздарын сатып алған екен. Сөйтіп Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына іліккен. Алайда бұл жолы да өздеріне шаң жуытпаған Ұлттық банк өкілдері жұмсалған ақша жұрттың зейнетақысы емес, қордың өз ақшасы деп сендіруге тырысты.

“Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры құнды қағаздарды өз қаржысына сатып алды. Азаматтардың қаржысын қор қолданбады. Сатып алу ісі Қазақстан қор биржасында әдеттегідей ашық жүргізілген”, – деді Ұлттық банктің департамент директорының орынбасары Елена Никифорова.

Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, болашақ зейнеткерлердің несібесі сол күйі тұр, қайта өсіп жатыр екен. Мәселен, түрлі инвестициялардың арқасында қазіргі зейнетақы мөлшері 6,6 триллион теңгеден асқан.

Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, Ұлттық Банк қобалжуға еш негіз жоқ дейді. Дегенмен, Қордың өзінде қазір жаппай тексеріс жүріп жатыр. Бес күн бұрын басталып кеткен тергеудің қашан бітері әзірге белгісіз. Ал, өзін қашанда ақтап үйренген Ұлттық банк ақшасы үшін алаңдағандар болса, Зейнетақы қорына барып тексерсін дейді.

Талқылау