Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еш көтеріліс керек емес": Талғарда көз жұмған 16 жастағы жасөспірімнің әкесі қазақстандықтарға үндеу жасады

Шерзат Полаттың әкесі қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол жерлестерінен арандатушылыққа бой бермеуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото видеокадрдан

"Құрметті қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Көп-көп рахмет сіздерге. Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатырсыздар. Мен Қонаев қаласының ішкі істер департаментінен келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар келіп көмектесіп жатыр. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да көмегі бар, ол кісіге де алғысымды айтамын, — деді Қаржаубай Нұрымов.

Ол халықтан ешқандай митингке шықпауды өтінді. Марқұмның әкесі қантөгіс болмағанын қалайды.

"Бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасай ма деймін. Сол себепті халқым өтініп сұраймын: еш көтеріліс керек емес. Өз қағидам – заң аясында дұрыс әрі әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазба, фотоларға сенбеңіздер. Ақылы түрде адвокат жалдауға тура келеді. Өзім ешкімнен қорықпаймын. Бірақ отбасымның қауіпсіздігі үшін алаңдаймын. Олар мені бірнеше рет қорқытып, алып кетті. Ағайындар, арандатушылыққа бой бермейік, балам қайтыс болды. Енді басқа балалар да осылай қиналмаса екен деймін", – деді ол.



Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады.

Талқылау