Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірліктен асқан бақыт жоқ – Өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы

Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкілдерінің бірі – өзбек халқы. Еліміздегі ең алғашқы өзбек бірлестігі Тараз өңірінде құрылған. Бұл туралы Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Тараздағы өзбек мәдени бірлестігінің тарихы 1989 жылдан бастау алатын көрінеді. Абдурахман Зайнутдиновтың сөзінше қоғам белсендісі ретінде ол өзбек бірлестіктерін республикамыздың әрбір аймағында құруға күш салыпты. Атап айтқанда, Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Астана сынды қалалардағы өзбек мәдени бірлестіктерінің негізін қалауға атсалысқан.

«Өзге халықтардікі секілді, қалада болсын, ауылда болсын өзбектердің де өзіндік өмір сүру салты бар. Өзбектер махалла-жамоат деп аталатын қауымдық әдіс бойынша жинақы өмір сүруді жөн көреді. Әрбір махалланың өз аты бар. Сонымен қатар, сол жамағатты басқаратын қызықшылықта да, қиыншылықта да бірге болып, жандарынан табылатын рухани басшысы домулласы бар. Домуллаға белгілі бір шараларды өткізуге, материалдық-шаруашылық жағына қатысты шаруаларды атқарысатын көмекшісі болады. Қазіргі таңда өзін-өзі басқару жүйесі бойынша қызмет ететін 36-ға жуық өзбек махаллалары бар. Бұл өз кезегінде Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігінің ұйысуына өзінің зор септігін тигізеді», – дейді Абдурахман Юлдашұлы.

Абдурахман Зайнутдинов бірлестікке жетекшілік ету жауапкершілігі мол іс екенін айтады. Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігі жыл сайын Жамбыл облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясына өздерінің алдын ала бекіткен жоспарымен бөлісіп отырады екен. Өткізілетін мәдени іс-шаралардың барлығы да осы жоспардың аясында жүзеге асып жатады.

«Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігін құрудағы басты мақсатымыз – өзбек халқының ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, рухани құндылықтарын сақтау және дамыту. Сонымен қатар өзбек халқын Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдерімен бірлікте татулықта өмір сүруге үндеу. Сондай-ақ, өзге этнос өкілдері арасындағы қалыптасқан  достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту», – дейді бірлестік басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіз ел ретінде әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыдан дамуына шама-шарқыларының келгенінше үлес қосу – негізгі міндеттерінің бірінен саналатынын айтады бірлестік жетекшісі.

Белгіленген міндетті орындау үшін бірлестік мүшелері жиі-биі бас қосып тұратын көрінеді. Мұны бізге Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов былайша түсіндірді:

«Әлгінде айтып өткенімдей, әрбір махалланың домулласы болатындықтан, бізге басты біріктіру аса бір қатты қиындық туғызбайды. Әр ай сайынғы есеп беру жиынында домуллалар өз аумағындағы жағдай туралы толығырақ мәлімет береді. Сол сияқты әрбір үш ай сайын өткізілетін басқосуымыз бар. Оны өз арамызда кеңгаш деп айтамыз. Ал жарты жылда бір рет бірлестіктің сессиясы өтіп тұрады. Бұл анжуман деп аталады.Сонымен қатар, жылына бір рет мәжіліс, төрт жылда бір рет құрылтай өткізуді дәстүрге айналдырғанбыз. Бір ғана Тараз қаласының өзінде отыз мыңға жуық өзбек тұратынын ескерсек,бұл  аймақта қозғалатын мәселелердің де ауқымды екенін аңғартады», – дейді Абдурахман Юлдашұлы.

Сондай-ақ, Жамбыл облысына қарасты Жамбыл, Мерке, Жуалы аудандарында да өзбек мәдени бірлестіктері өз жұмысын жүргізіп келеді.

Осы тұста Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдиновтың жетекшілігімен аймақта ауқымды іс-шаралардың өткізілгенін атап өту ләзім.

«2019 жылы Тараз қаласындағы №4 өзбек орта мектебінің 100 жылдығын өте жоғары деңгейде атап өттік. Осынау білім шаңырағында 1919-2019 жылдар аралығында ұстаздық еткен мұғалімдердің есімдерін бүгінгі өскелең ұрпақ есінде мәңгі сақтау үшін мектеп мұражайына ол кісілер туралы толығырақ мәліметтер қойылды. Мектепте салтанатты шара ұйымдастырылып, кейін мейрамханада бақилық болған ұстаздардың әруағына құран бағышталды. Осы тұста бұл білім ордасынан 15 профессор, 32 ғылым кандидаты шыққанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Білім ордасы өзбек ұлтының балаларына білім беріп, сауатын ашып қана қоймай, тіліміздің дамуына да септігін тигізіп келе жатыр», – деп Абдурахман Юлдашұлы өзі төрағалық ететін бірлестіктің ұйытқы болуымен атқарылған жұмыстардың бірқатарын тарқатып айтып берді.

Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігі Жамбыл облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен "Әралуандық арқылы бірлікке" атты облыс этностарының мәдениеті мен дәстүрлері күніне арналған салтанатты іс-шараға белсене қатысыпты. Осынау шарада бірлестік мүшелері өзбектің ұлттық мәдениетін паш ететін өнерін көрсетіп қана қоймай, ұлттық тағамы палауды әзірлеп жиылғандарға дәм татқызыпты. Бұдан өзбек халқының қонақжайлық қасиетін аңғаруға болады.

Әңгіме барысында бірлестік жетекшісі қазақ пен өзбектің салт-дәстүрінде көптеген ұқсастықтар бар екенін айта келіп, олардың бірқатарына тоқталып та өтті.

“Қазақта жаңа түскен келінге «Беташар» жасап, әулеттің жасы үлкен игі жақсыларын таныстыратын тамаша үрдіс бар. Ал біздің өзбек халқында келін түскен бойда «Келин салом» жасап, келіннің сәлемін қабыл алады. Сондай-ақ, келген қонақты құшақ жая қарсы алып, сый-сияпат көрсететін қонақжайлық та екі халықтың бойынан бірдей табылатын керемет қасиеттердің бірі”, – дейді қария.

Абдурахман Зайнутдинов Тараз қалалық өзбек мәдени бірлестігін басқарып қана қоймай, «Достлик» атты ҚР Өзбектер Ассосациясының үйлестірушісі қызметін атқарып отыр.

«Тәуелсіз Қазақстан – қаншама ұлт пен ұлыстың Отанына айналған қастерлі мекен.Осынау киелі мекеннің жерін басып, ауасын жұтып жүрген қазақстандықтарда арман жоқ шығар. Мен үшін бірліктен асқан бақыт жоқ. Себебі, бірлік бар жерде ғана тірлік бар. Бұл тұрғыда Қазақстан Халқы Ассамблеясы бәрімізді ұйыстырып, ілкімді істерді атқарып келе жатқаны қуантады.Сол ынтымағымызды бұдан әрі арттырып, достығымызды да одан әрі нығайта түсу қажет. Бұл кезек күттірмейтін – мәселе. Себебі, «Жау жоқ деме, жар астында» демекші кешегі елімізде орын алған қаңтар оқиғасы маған осыны ұқтырды», – деп сөзін түйіндеді ақсақал.

 

Дайындаған: Гүлмира Садық

STAN.KZ
Дүйсенбі, 31 Қазан, 2022 07:56
Талқылау