Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баласын құтқарамын деп әкесі мен көршісі түскен": Алматы облысында кәріз құдығында көз жұмған үш адамның өліміне қатысты жаңа деректер айтылды

Алматы облысы Кеген ауданында құбырға түскен үш бірдей адам қаза тапты. Деректерге сүйенсек бір отбасыда әкесі мен 15 жастағы баласы үйінде су тоқтап қалған соң көршісін ертіп алып, құбырды тексермек болған. Алайда түскеннен соң үшеуі де қайта шыға алмай қалған. Марқұмдардың туыстары құбыр құрылысын дұрыс жүргізбеген басшылықты кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото сюжет кадрларынан

Марқұмдардың туыстары бұл жайтқа асфальт төсеу кезінде коммуналдық желінің дұрыс орнатылуын қадағаламаған жергілікті әкімдікті кінәләп отыр.

“Бірінші інімді алып шықты. Қарасақ, денесі суып кеткен. Бірінші көмектен кейін құсып жіберіп, көзін ашты, болды. "Жүріп кеткен" деді. Одан кейін Серік деген ағаны шығарды. Үшіншісінде түбіне жете алмады, іші су болып тұрды. Өрт сөндірушілер суды сорғызып, баланы шығарып алды. Ол кезде бала көгеріп кеткен”, – деді марқұмның туысы Дина Айтбаева. 

Оқиға кешқұрым уақытта болған. Басында құдықты бір қарап шығуға 15 жастағы жасөспірім түсіп, талып қалған. Әкесі құтқаруға ұмтылғанымен, кері шыға алмай, ес-түссіз құлаған. Артынан 56 жастағы көршісі түсіп, ол да шыға алмаған.

Туыстарының айтуынша құдықтың беті көлік жүретін жолдан бір қарыс төмен орналасқан. Топырақпен көміліп жатқанына бір айдан асыпты. Бітеу тұрып, ауа айналымы жүрмегендіктен, ішінде улы газ пайда болуы мүмкін.

“Су жүргізілгеннен кейін жол салынған кезде технология бойынша құдықтың беті көтеріліп тұруы керек. Жол салған мердігер көтеріп, асфальтпен бірдей жасап кетуі керек еді. Тұрғындар құдықтың бетін ашып қойған. Кейінгі бір жарым айда Кеген ауылында дренажды канал дүргізілді. Сол кезде құдықтың бетін өздерінің топырағымен бекітіп кеткен”, – деді марқұмның туысы Мақпал Шадан.



Туыстарының айтуынша, үшеуінің өліміне қатысты екінші болжам – құдықтың ішінде тоқ ұруы. Ал шенеуніктер “ескертсе, өзіміз ақ тексеретін едік” деп жауап берді. Олар құдықты ретке келтіруге адам өлімінен кейін ғана кіріскен.

“Бұл жол шамамен төрт жыл бұрын жөнделген. 2020-2021 жылдары сол жұмыстарға жауапты болған адам бұдан былай лауазымын атқармайды. Неге олай асфальт төсегенін айта алмаймын”, – деді Кеген ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жасұлан Кәділ. 

Еске салсақ, Алматы облысында кәріз құдығынан үш адамның мәйіті табылғанын хабарлаған едік.

Талқылау