Біріккен Араб Әмірлігі Қазақстанда қант зауытын салуға мүдделі екенін білдірді
Қазақстан тарапы БАӘ үкіметінің қарауына жалпы сомасы 6,5 миллиард доллар болатын инвестициялық жобалардың тізімін ұсынды. Келіссөз Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында жасалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде премьер-министрдің сайтында жазылды.
Жобалар тізімі Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-министрінің орынбасары шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянға жеке тапсырылды. Әлихан Смайылов Қазақстан мен БАӘ арасында сындарлы саяси диалог орнатылғанын және екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті.
Үкімет басшысының айтуынша, оған ең жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар ықпал етіп отыр.
"Біз тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, энергетика, геология сияқты салаларда инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеуетті байқап отырмыз. Аталған салалар біздің стратегиялық мақсаттарымызға сай келеді", – деп атап өтті Смаилов.
- Тоқаев қант тапшылығы туралы: Қазақстан қажетті қанттың 10 пайызын ғана өндіріледі
- Қазақстанда бір жылда қант 87%-ке қымбаттады – статистика
Қазақстан үкіметі БАӘ-мен барлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және нығайтуға ниетті екенін атап өткен. Өз кезегінде шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян бұл сапардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңызы ерекше екенін атап көрсеткен.
Ол Қазақстанның БАӘ-нің Орталық Азия өңіріндегі жетекші әріптестерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ банк саласы мен ауыл шаруашылығында, оның ішінде қант және сүт өнімдерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді.
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен жасалған сауда көлемі бойынша араб елдері арасында көш бастап тұр. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы $709 млн болды, ал Әмірліктердің Қазақстанға салған инвестициясы 43 пайызға артып, 250 миллион долларды құраған.