Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір жолға кешіріңіз": Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген еңбек мигранттары өздерін елімізде қалдыруды сұрады

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жүздеген мигрант заңсыз жұмыс істегені үшін сотқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Диляра Исса

Сарыағаш аудандық әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотында еңбек мигранттарының жүздеген ісі қаралып жатыр. Олардың барлығы иммиграциялық заңнаманы бұзды деп айыпталды. Мигранттардың басым бөлігі –  Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары.

Мигранттардың елде жүру мерзімі өтіп кеткен. Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары визасыз елде жүре алады, бірақ жұмыс істеу үшін бөлек рұқсат алуы керек.

Әдетте, мигранттардың тіркеу мерзімінің өткені үйлеріне кеткен кезде шекарада нақтыланады. 

Енді олар істерінің "тым баяу" қаралатынына наразы. Әрі депортациялау туралы сот шешімдерімен келіспейді.

“Демалыс күндері көп істер келіп түседі, бірақ дүйсенбіден бастап қараймыз, адам көп", – деп мәлімдеді аудандық сот.

Сот ғимаратының сыртында сотқа шақыруды көп адам күтіп отыр. Олардың барлығы "Жібек жолы" шекара бекетінде ұсталған. Іс сотқа ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінен түсті.

Өзбекстан азаматы Абдулазиз Абдулкаимов Тараздағы дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істеген. Ол Қазақстанда тоғыз айға жуық болды. Оның айтуынша, жұмыс беруші оны заң талабына сай тек алғашқы жарты жылға тіркеген, Абдулазиз тағы үш ай Таразда жұмыс істеген. Шекарашылар оны 1 қарашада Өзбекстанға үйіне қайтуға дайындалып жатқанда ұстаған.

“Күніне үш мың теңгеге пәтер жалдадық. Бір бөлмеде он бес адам жатты. Барлығы Өзбекстан азаматтары. Біз Қазақстанға күн көру үшін келдік", – деді ол.

4 қарашадағы сотта жүзге жуық адам болды. Кейбіреулер күтуден шаршағаны сонша, жаяу жүргіншілер жолына жатын орын орнатып алды. Жолдың қарсы бетіне жергілікті тұрғындар азық-түлік бекетін орнатып қойған. 

“Степногорск қаласындағы фермада мал бағып жұмыс істедік. Шаруашылықта төрт жүзге жуық мал бар. Олар ет пен сүт өндіреді. Екі тракторшының жұмысын жалғыз өзім істедім", – деді 42 жастағы өзбекстандық Зафар Раджапов.

Зафар Ражапов Қазақстан президентінен кешірім сұрады.

"Мұнда 500 адам бар, төртінші күн күтіп отырмыз, көмектесіңіз, бір жолға кешіріңізші", – деді ол.

Енді сот алдына жиналған мигранттар бұл күндері бар тапқан ақшасын тамақ пен пәтерге жұмсадық деп алаңдаулы.

Тәжікстан азаматы Сардор Насурлаев шекарашылар оны заңсыз ұстады деп есептейді. Өзінің айтуынша, ол кейінгі төрт жыл Қазақстанда жұмыс істейді. Тамызда Қазақстанға келіп, "турист" визасын рәсімдеп, ЖСН алды. Қазақстанда болу мерзімі біткен кезде үйіне қайтуды жоспарлаған. Яғни визасының мерзімі аяқталуға бір апта қалғанда қайтпақ болыпты.

"Шекарашылар құжаттарымды да тексерген жоқ. Олар жай ғана Қазақстанға екі күн бұрын келді деп арыз жазып, сотқа жіберді. Сот негізсіз депортациялау туралы қаулы шығарды. Мен бұл шешіммен келіспеймін", – дейді Насурлаев.

Сот хатшылары көшеге шығып, бір мезетте он шақты адамды шақыртады.

Сот ғимаратынан шыққандардың көбі судьяның Қазақстаннан депортациялау туралы қаулы шығарғанын хабарлады. Айыппұлды төлеуге мүмкіндігі жоқтар сот шешімімен келісіп отыр. Алайда Қазақстанда жұмыс істеп, Өзбекстан мен Тәжікстанда отбасын асырап жүргендер мұнымен келіспейді. 

Сарыағаш әкімшілік сотының мәліметіне сүйенсек, мигранттарға қатысты істер өткен жылмен салыстырғанда күрт өскен. Былтыр бұл аудандық сот Қазақстанға жұмысқа келіп, тіркелмеген 17 мың адамның ісін қараған. Ал биыл 10 айда 17 мың оқиға тіркелді.

Талқылау