Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір жылым 10 жылға татыды": Әсел Асқар марқұм ұлының жылдық асын берді

Белгілі блогер Әсел Асқардың ұлы Айбарыстың өмірден өткеніне бір толды. Әсел Асқар жақындарының басын қосып, ұлының жылдық асын берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

©instagram.com/assel.askar

“Осымен менің өмірімдегі ең ауыр, ең ұзақ жыл өз мәресіне жетті. Бесінші қазан, бұл күннен қалай қорыққанымды тек жақындарым ғана біледі. Ұлымды сағынып, жаламай өткен бір күнім болмапты. Айбарыс… Біреулерге мен өте мықты әйел болып көріндім, енді біреулер үшін есінен адасқан бақытсыз әйел болдым. Біреулер аяды, біреулер таңданды, сыртымнан күліп, сынап-мінегендер де бар. Кейбіреулер мені сырттай үнсіз бақыласа, әлдекімдер менің қандай да бір әрекетіме баға беріп жатты. Бірақ мен өз қайғымды үнсіз өткердім. Осы бір жылды лайқыт өткіздім. Өмірден баз кешпей, жұмыс істегенім үшін өзімді мақтан тұтамын. Қамықтым, құладым, бірақ қайта тұрдым. Бірақ жұмыс істедім. Ішіп, қыдырып кеткен жоқпын, өмірімдегі бағытымнан адаспадым. Өмір сүруге тырыстым. Қуаныуға, жақсылыққа сенуге себеп іздедім. Шын жүрегіммен анам мен әпкеме алғыс білдіремін. Әсіресе, әпкеме рахмет. Анам екеуімізге қамқор болып, махаббатын төкті. Ол менің дұрыс жолдан адасуыма, қайғыруыма жол бермеді. Махаббатымен, қамқорлығымен менің қайта өмірге келуіме себеп болды. 

Мұндай қазадан кейін өмір сүруге болады, бірақ қиынға соғатыны сөзсіз. Бір жылым 10 жылға татыды. Ұлым үшін барымды салдым. Баламның менімен мақтанатынына сенімдімін. Бойымдағы бар қажыр-қайратты ұлымнан алдым. Мен сенің қайтып келетініңе сенемін, күтемін. Сен менің мықтылығымды сынау үшін кеттің. Мен оған төтеп бердім. Осыдан бір жыл бұрын саған берген уәдемнің бәрін орындадым. Біздің қолымыздан келді”, – деп жантебірентерлік жазба жариялады блогер.

Әсел Асқар ұлының қазасынан кейін күйеуінің тастап кеткенін есіне алды.

“Мұндай сынақтан кейін қаласаң да, қаламасаң да рухани тұрғыдан өсесің, есейесің. Ақшаң жоқ, жұмысқа деген ынтаң да, күшің де жоқ. Бірақ басыңды тік көтеріп, алға қарай ұмтыласың. Бізге сынақ берілген кезде сенен ешкім, ештеңе сұрамайды. Тек көнесің. Өткен жылдың қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізе алмаймын. Өткеніме қарап өзімді жеңгенімді, жеңіске жеткенімді білдім”, – дейді Әсел Асқар.

Айта кетейік, осыдан бір жыл бұрын Әсел Асқардың ұлынан туа біткен патология табылып, өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен болатын. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.

Талқылау