«Бір шәугім шай» немесе «күлің шашылмасын» сөздерінің мәнісі қандай
Әдетте «қазақ қандай ұлт?» деген сауалға жауап беретіндердің ауызына ең бірінші «қонақжай» деген сөз түседі екен. Өзіміз де, өзге ұлт та, шетелдіктер де солай айтады. Иә, қонақжай екенімізге сөз жоқ, бірақ қазақтың қонақжайлығы осы бәріміз ойлағаннан да асып түседі-ау сірә. Біз әлі де жете түсінбей айтатын секілдіміз. Оған төмендегі қағидалы екі сөзін тарқатсақ көзіміз анық жетеді.
«Бір шәугім шай қазақтың бөлінбеген еншісі» деген сөз бар ел ішінде. Әдетте еншіні үйлі болған ұлды отау шығарарда арнайы бөледі. Ал, мынау арнайы бөлінбейтін, дүниеге келген әр қазаққа алдын ала және өмірінің соңына дейін бөлініп қойылған енші екен. Мұны қалай игіліктенеді? Соған келейік.
Жалпы қазақ білсе керек, жолаушылап, жоқ қарап дегендей сыртта жүрген қазақ атаулы танысын, танымасын кез келген үйге түсіп, шөлін қандырып, ретіне қарай қонады да. Жаугершілік уақыт немесе алыс жерлерді атпен шарлаған аталарымыз үшін қазақтың барлық үйі бір шәугім шайын емін-еркін іше алатын туысындай болған ғой. Себебі, танысаң да, танымасаң да, шөлдеп келген жолаушыға үйіңнен бір шәугім шай беруге міндеттісің. Ол оның заңды қақы. Бір ауыз сөзбен бабалар бекітіп кеткен ортақ қағида. Оны барлығы біледі. Ол орындалмаса ар сотының алдында алатын тиісті жазасы да бар…
Ертеректе осы Қорғалжың өңірінде «орыс ауылы» аталып кеткен бір қазақ ауылы болған екен. Оның қалайша бұлай аталып кеткенін журналист Төлеген Жәкітай ағам майын тамызып тұрып айтады. Арқаның қақаған қыс, алапат ақ боранында атпен келе жатқан бір жолаушы сол ауылдың шетіндегі бір үйге түседі. Сөйтсе, әлгі үйдің отағасы қондырмақ түгілі үйіне кіргізбей қойыпты. Қазақ баласынан мұндайды көрмеген әлгі кісі қатты ренжісе керек, сол ауылдағы ешбір үйге түспестен келесі ауылға өтіп кетіпті. Сол ауылда бір үйге қонып, аты да өзі де күтіліп шығады. Әңгіме үстінде көрші ауылда болған жайды да жайып салады. Тыңдап отырғандар жағаларын ұстайды. Осылайша кәдімгі орта жүздің бір тармағанынан тарайтын рулы ел отырған әлгі ауыл «орыс ауыл» аталып кетіпті. Тіпті ауылдың тақтайшадағы аты ұмытыла бастап, ел сол ауылдан шыққан спортшы балалардың өзін «орыс ауылдың балалары екен» дейтін бопты. Біз бұл жерде өзге бір ұлтты кемсітіп, иә жамандап отырған жоқпыз, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, өзіне тән өмір сүру дәстүрі болады, әңгімемізге тұздық ретінде өмірде болған жайды мысал ретінде ғана алға тартып отырмыз. Кейін сол ауыл жан-жаққа тарап, жұрты қалғанша осы атауынан құтыла алмапты. Сонда бір жолаушыға берілмеген бір шәугім шайдың жаманаты бүкіл ауылға таңылып тұр ғой. Бұл осы ауылға сол «атақты» әперген отбасыға оңай соққы дейсіз бе? Істің соңы бұлай боларын білгенде қонақ қылып аттандырар еді-ау…
Бұл жаңа қонысқа келген шаңыраққа бұрын келіп қонған үй апаратын «ерулік», жақындары қайтыс болған отбасын шақырып беретін «көңіл шайы», жолдың бойында отырған үйлер көшіп келе жатқан елдің алдынан «көш байсалды болсын» деп алып шығатын айран-шалап сусын – «байсал» деген салттардан бөлек, әрине. Бір шәугім шай барлығымызға ортақ шай екен. Демек, менің, сенің, оның үйінде әр қазақтың ішуге тиісті бір шәугім шайы бар деген сөз. «Келші өзің, бір шәугім шайың дайын» дейтініміз де сондықтан болса керек. Бабаларымыз енші қылып бөліп беріп кеткен бір шәугім шай.
Екінші, «күлің шашылмасын!» деген сөз. Моңғолия мен Қытай шекарасын арлы-берлі жылқы айдаған қазақтар тоздырып тұрған сонау бір заманда мынадай бір оқиға болған екен. Хасен дейтін алдаспандай азаматты Моңғол үкіметі ұстамақ болып, күзеуде жалғыз үй отырған жерінде әскерлер жетіп келеді. Хасен аң аулап кеткен екен. Өзінің іздеуде екенін білетін ол кешке қарай үй жағына дүрбі тартса үйінің айналасында әскерлердің аттары тұр. Содан анда-санда дүрбісін тартып қойып, айғыржал жоталардың бір жақпар тасында жатады. Әскерлер Хасенді түн күтіп, ақыры таңертең үйді көшірмек болады. Астаң-кестеңін шығарып жүктерін түйеге артады.
Аң аулауға шыққанда артық оқ арқалап жүрмейді ғой, Хасеннің мылтығы қолында болғанымен оғы үйде қалған екен. Енді қайтпек?
Сол қашқан беті моңғол әскерлерінің қолына түспей, айлап далада қонып, ақыры Қытай асып аман қалған Хасен ақсақал кейін осы оқиғаны еске алып: «Келінім дегдар, текті жердің қызы еді, бірдеңе ғып оғымды қалдыратынын біліп едім, ойлаған жерімнен шықты. Көш кеткеннен кейін түн жамылып барып жер ошақтың (от жағылып қазан асылатын жер) шетіне көмілген нан мен оқты алып қайта тауға шығып кеттім. Сол оқпен аң атып жеп, айшылық жол басып жүріп Алтайға өттім, жыл аттатып ауылға келдім. Менімен бірге ізделіп қуғынға түскендердің көбі атылып кетіпті. Су ішерім бар екен, аман қалдық қой…» -деп әңгіме шертеді екен жарықтық.
Сонша әскерге білдірмей оқ пен нанды жер ошаққа қалай көмді екен деген сауалға осы әңгімені мына бізге айтушы Зейнел ақсақал (әлі көзі тірі) былайша жауап беріп еді:
Қазақ пен моңғол бірге көшіп-қонған киіз туырлықты ел ғой, бір-бірінің салт-дәстүрін де жақсы біледі, сыйлайды. Бала күнімізде жайлау, күзеуден көшерде әжеміз қамыр илеп жер ошақтағы қоламтаға тастап кететін. Кейін бір сұрағанымда, «бала күнімізде шешеміз осылай істейтін. Жалпы, қазақтың дәстүрі ғой, қазақ тау-таудың қуысында отырған ел емес пе, «осы жерде бір үй бар еді» деп талыққан бір жолаушы өзегін жалғауға бұрылса, құлазып жұртың жатса ол бейшара қайтпек? Күлшені соған бола тастайды. Ондайда есті кісі ең алдымен жер ошаққа барады. Күлге көмген ештеңе жоқ болса «көргенсіздің ауылы екен» деп күліңді шашып кетуі мүмкін. «Күлің шашылмасын» деген сол ғой» дейтін. Қазақтың көшерде жер ошаққа күлше көметінін моңғолдар да біледі емес пе, назар салмаса керек. Хасеннің келіні күлше көмген болып жүріп оқты да бір шетіне қалдырған ғой…». Түсінікті болды. Тізесіне тізем тиіп, ет құлағыммен естіп отырмын, «бұрынғылар үйіне келген қонақты қойып, жұртына келген жолаушының несібесін қалдырып кетіп отырған ғой» деп салалы саусағымен сақалын сауып қояды Зейнел ақсақал. Ауыл ақсақалдарының әңгіме арасында айтылып қалатын «көшкен жұртыңда күлің шашылмасын» дейтін сөздің де түп тағанына сонда көзім жеткендей болды. Қазақ та бір жалпақ жатқан ел ғой, мұның басқаша айтылып, басқаша мағына беретін тұстары да болуы керек, біз осылай ұғындық.
Сан ғасыр тұмса табиғатпен күресіп, қыры-сырына қанығып, берекелі тіршілік, өнегелі өмірін жалғап, ұрпағына осыншама ұлан байтақ жерді қалдырып кеткен бабаларымыздан қалған осы екі ауыз сөзінің арғы жағында осындай қазыналы қағидалар бар екен-ау!..
Шетелдік бір саяхатшы айтыпты деген: «әлемнің барлық жерінде қазақ болса дүниені бір тиын жұмсамай тегін аралап шығуға болады екен» дейтін сөз де тегіннен тегін айтылмаса керек. Оның шыңырауында шымырлап осындай шындық жатыр.
Ұларбек Нұрғалымұлы, «Егемен Қазақстан»