Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір пәтерге 648 адам: Қазақстанда пәтерлеріне мигранттарды ақшаға заңсыз тіркейтіндерге жауапкершілік қатаңдатылмақ

Қазақстанда пәтерлеріне мигранттарды заңсыз тіркейтіндер көбейген. Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов үйіне адамдарды ақшаға заңсыз тіркейтіндерге жазаны қатаңдатуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Аслан Аталықовтың айтуынша, 1348 пәтерде 36 мыңға жуық адам заңсыз тіркелген. Ең көп жалған тіркеулер республикалық маңызы бар үш қалада белгіленген. Тіркеусіз тұрғаны үшін 4700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Адамдар мұны заңсыз жасайды. Солай байып кетуге ниетті. Жалған тіркеуді ел азаматтарына 5000 теңгеге, шетелдіктерге одан жоғары бағада ұсынады. Әрине, мұндай адамдарды анықтаймыз, жауапқа тартамыз", – деді ол.

Комитет төрағасы қоғамда жалған тіркеуге жауапкершілікті қатаңдату мәселесі талқыланып жатқанын айтты. Шенеунік мұндай адамдар көші-қонды бақылауға теріс әсер ететінін жеткізді. Сол үшін де қатаң жауапкершілікке тартылуы керек.

"Заңгерлер мұндай тіркеушілерге мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту шаралары талқылануда", – деп атап өтті ол.



Аслан Аталықов сондай-ақ Астанада осындай жайттардың кездескенін жеткізді.

“Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 17 маусымдағы үкіміне сәйкес, елорданың 37 жастағы жұмыссыз тұрғыны ҚР ҚК-нің 394-бабы 1-бөлігі ("заңсыз көші-қонды ұйымдастыру") бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеу және 100 сағат мәжбүрлі еңбекке үкім шығарылды. Әйел кінәні мойындады. 

2023 жылдың шілдесінен қарашасына дейін ол ауданы 35,7 шаршы метрді құрайтын пәтерінде 648 адамды ақшаға тіркеген. Тіркелу құны үш айға 5 000 теңгені, бір жылға – 15 000 теңгені құрады. Үкім 3 шілдеде күшіне енді”, – деді ол. 

Талқылау