"Бір пакеті 2500-3000 теңге": Қазақстандық дәрігерлер Тай ананасының ағзаға қауіпті екенін ескертеді
Кейінгі уақытта желіде трендке айналған Тай ананасын тұтыну белең алып келеді. Бұл жеміс өзінің кішкентай көлемімен және тазаланған күйінде сатылуымен ерекшеленеді. Алайда дәрігерлер бұл өнімнің денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: delikateska.ru
Желіде бұған дейін Дубай шоколады, шайн мускат жүзімі трендте болса, енді Тай ананасы танымал. Шетел тәттілері бірінен соң бірі еліміздегі дүкендерді жаулап жатыр. Қазір жеміс-жидек сататын дүңгіршектердің бәрінен Тай ананасын табуға болады.
Тренд тауардың бір пакеті қазір 2500-3000 теңге аралығында. Оның ішінде алты кішкентай ананас бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, кәдімгі ананастың біреуі шамамен 2 мың теңге тұрады. Яғни тазартылған экзотикалық жеміс бағасы жағынан тиімді дейді саудагерлер. Сатушы Аслан Сәрсенбеков ананастың дәмі де әлдеқайда тәтті әрі шырынды деп отыр.
"Көбіне ересектер қызығып сұрап жатады. Күніне 60 пакетін сатамыз. Яғни төрт қорап. Әр қорапта 15 пакеттен. Тауарды күнбе-күн әкеліп отырамыз. Себебі жемістің бұл түрі тез бұзылады. Тай ананасының сақталу мерзімі екі тәуліктен аспайды. Өйткені уақыт өте келе, сөлі шығып, құрғап қалады. Сондықтан оны салқын жерде сақтаған абзал", – деді Аслан Сәрсенбеков.
"Пуле" сортына жататын экзотикалық жеміс Таиландтың Чианг Рай провинциясында өсіріледі. Өндірушілердің айтуынша, өнім жүз пайыз табиғи, яғни құрамында қоспа, консервант жоқ. Алайда шетелден келген отандасымыз Гүлнұр Хасенова ананастың Қазақстанға жақсы сапада жетпейтінін байқапты.
"Тайландта болғанмын. Ондағы түрлі экзотикалық жемістер маған ұнады. Таиландта осындай жемістер 500 теңгеден болса, бізде әлдеқайда қымбат және дәмсіз, ұнатпадым", - деді Гүлнұр Хасенова.
Ал аллерголог Арай Батырбаева тазартылған жеміске инфекция тез енеді әрі оның жай пакетке салынуы да күмән туғызады дейді.
"Бұл ананас аллергия тудыруы мүмкін. Мысалы, тамақ аллергиясы, Квинке ісігі, қышыма тәрізді бөртпелер пайда болуы мүмкін. Ананастың құрамында қант көп. Сондықтан қант диабеті бар науқастар оны көп тұтынбауы керек. Сонымен қатар гастрит, асқазан жарасы, эрозиясы бар адамдарға ананас қосылған тағамнан бас тартқан дұрыс", – деді Арай Батырбаева.
Мамандар ересектерге күніне 150 грамнан артық ананас тұтынбауға кеңес береді. Бұл шамамен бір дана Тай ананасының салмағына тең. Ал балалар экзотикалық жемісті тәулігіне бұдан екі-үш есе аз жеуі керек.
Еске салайық, бұған дейін Астанада "Доширак" пен Shine muscat тексеруден өтпей қалғанын жаздық. Астанада санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті "Доширак" пен Shine muscat-ты тексеруден өткізді. Алайда тауарлардан маркалауға қатысты бұзушылықтар анықталған.