Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бір күнде 5 көмеш нан, 3 литр сүт аламын”: 12-ші баласын күтіп жүрген ақтөбелік келіншек бір күні қалай өтетінін айтып берді

Бес қыз, алты ұл өсіріп отырған отбасы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында пәтер жалдап тұрады. 34 жастағы ақтөбелік келіншек Айым Сүйеуқұлова 12-ші баласына аяғы ауыр. Отағасы Азамат Хадимжан 39 жаста. Мекемеде күзетші боп істейді. Көпбалалы ана бір күні қалай өтетінін тілшімізге айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Отбасындағы 11 баласының алды студент. Үлкен қызы бір апта бұрын 18 жасқа толған. Ал 11-ші бала  19 наурызда 1 жасқа толады.

“12-ші бала маусым айында өмірге келеді деп күтіп отырмыз. Балалардың арасы 1-1,5 жас. Бәрі бір-біріне көмектесіп өсіп жатыр. 12 жастағы егіз қыздар бар. Балалардың атын ата-әжесі, қайын інім, келінім, егіздердің атын Аиша-Аида деп нағашылары қойды. Өзіміз тек 9-шы балаға ат қойыппыз. Күйеуім менен 5 жасқа үлкен. Алла аузына салған шығар, үйленген кезде енді 12 бала туып берсең болды деген. Әрине ол кезде әзілдестік. Бірақ сол тілек қабыл болды”,- деді көпбалалы ана Айым. 

әйел

Айым 16 жасында ауылдасы шалқарлық жігітке тұрмысқа шыққан. Кездесіп жүрген жігіті мектеп бітіргеннен кейін алып қашқанын айтады. 

Көпбалалы отбасы Шалқар ауданының орталығында пәтер жалдап тұрады. Жеті бала мектеп жасында. Төртеуі түске дейін, үшеуі түстен кейін оқиды. Екі бала балабақшаға барады. 
Айымның әр күні бір-біріне ұқсас. Таңертең сағат 7:00- де тұрғаннан үйдің тірлігі басталады. Балалардың шайын беріп, мектепке, балабақшаға жібереді. Күтіп алады. Екінші кезекті жібереді. Тамақ істеу, ыдыс жуу, үйді тазалау, балалардың киімін дайындаумен таң атып кеш бататынын айтады. Балалардың алды үй шаруанысына араласып, анасына қолғабыс етіп жүр.

әйел

“Үйдің шаруасын бөліп істейді. Тамақты да өздері дайындай алады. Ыдыс жуу, үй жинау секілді жұмысты қыздар, даланың шаруасын ұлдар атқарады. Тамақты шағын қазанмен дайындаймыз. Сол бойда жеп қоюды. Келесіге ауыспайды. Әр тамақ уақытылы дайындалады. Күніге 5 көмеш нан, 3-4 литр сүт аламын. Кішкентайлар сүт ішеді. Балаларға үнемі оқыңдар деп айтып отырамыз. Қара нанды өз еңбектеріңмен табатын адал азамат болыңдар деп жиі айтамыз. Қыздарыма барған жерлеріңе еңселеріңді тік ұстап бару үшін оқыңдар деймін. Ешкімге қолдарыңды жаймаңдар. Ауыздарыңды ашпаңдар деген сөздер үйде жиі айтылады. Шүкір, балалардың қарны тоқ, көйлегі көк”, – деді Айым Сүйеуқұлова. 

әйел

Көпбалалы отбасының ұл-қызының сабағы да жақсы . Балалар спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған.

Талқылау