Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір қолында нәресте, бір қолында руль: Астана тұрғыны бес айлық сәбиімен такси жүргізушісі болып қызмет атқарған

Астаналық әйел бес айлық құндақталған сәбиін ұстап алып, бір қолымен рульді басқарып, такси қызметін атқарған. Бұл туралы әлеуметтік желіде такси жолаушыларының бірі жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Такси шақырдым. Рульде орамал таққан жас келіншек. Жолаушыларға арналған алдыңғы орында жөргектегі бала жатты", – деп жазады жолаушы.

5 минуттан кейін бала жылай бастаған. Әйел сәбиді қолына алып, көлік айдауын жалғастыра берген. 

"Үнсіз отыруға шыдамым жетпеді, жөнсіз болса да, жүргізуші келіншекті әңгімеге тарттым. Баласы бес айлық. Таңғы жетіден түске дейін таксилетіп, түскі астан соң қайта жұмысқа шығады екен", –  дейді жолаушы.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға Астана полициясы назар аударып, әйелді тапқан. Оны жауапкершілікке тартпай, түсіндіру жүргізумен шектелген. Сондай-ақ сыйлық та тарту еткен.

"Әлеуметтік желілерді бақылау барысында әйел адамның көлік жүргізіп келе жатып, жылап жатқан нәрестені қолына алып, қозғалысын жалғастырған видеожазба анықталды. Автоледи бір қолымен баланы ұстап, екіншісімен көлікті басқарған. Арасында баласына қарай еңкейіп, жолдан назары ауған сәттер болған. Елорда полицейлері жүргізушіні анықтады. Онымен балаларды тасымалдау талаптарын бұзу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді”, – делінген хабарламада. 

Бұнымен қоса Астана қалалық Полиция департаменті мамандандырылған батальонының қызметкерлері әйелге баланы тамақтандыруға арналған арнайы орындық сыйлаған. 

Талқылау