Біреуі 20 мың теңге: Қызылорда облыстық филармониясы картинаны сегіз есе қымбат бағаға сатып алмақ болған
2024 жылдың қорытындысы бойынша, 55,1 миллиард теңге көлеміндегі артық шығынның алды алынды. Талдау барысында Қызылорда облыстық филармониясы картинаны сегіз есе қымбат бағаға сатып алмақ болғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"2024 жылдың қорытындысы бойынша, 55,1 миллиард теңге көлемінде артық шығындардың алды алынды. Оның 26 миллиард теңгесі бюджетке қайтарылған, қалған соманы тапсырыс берушілер қайта қарап, жоспарланған бағаларды төмендеткен немесе сол сомаға сатып алынатын тауарлар санын көбейткен", – делінген агенттік хабарламасында.
Агенттік дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысында 230 миллион теңгенің заңсыз шығынының алды алынды. Петропавл қаласындағы телемұнараға жарықдиодты жабдықтарды орнату жұмыстары төтенше жағдайларды жою сылтауымен жүргізілгені белгілі болды. Алайда бұл жұмыстардың төтенше жағдаймен еш байланысы болмаған. Соңында келісімшарт бұзылып, бюджетке қаражат қайтарылды.
Қарағанды облысындағы мамандандырылған музыкалық мектеп-интернат 18 мың бөтелке үстел сірке суын 9 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Бұл көлем мекеменің (барлығы 460 адам) қажетінен әлдеқайда жоғары болған. Бұған қоса бір бөтелкенің құны нарықтағы 300 теңгенің орнына 500 теңгеге бағаланған. Бұл шығынды 3,5 миллион теңгеге арттырған. Антикордың араласуынан кейін сатып алу тоқтатылып, бюджетке 9 миллион теңге үнемделді.
Ал Қызылорда облыстық филармониясы 300 қабырға картинасын 48 миллион теңгеге (әрқайсысы 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Нарықтағы орташа баға бір картинаға 20 мың теңге екенін ескерсек, жалпы артық шығын 42 миллион теңге болған.
Антикордың ұсынысынан кейін бұл сатып алу да тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында олигархтардан қайтарылған 1,2 миллиард теңгеге мектеп салынатынын жаздық. Жұмыс істеп тұрған мектеп осы аймақтағы жалғыз білім беру мекемесі болып саналады. Ғимарат 1981 жылы салынды, 2000 жылдары қосымша кеңейтілді. Бүгінде мектеп шамадан тыс толған: жобадағы 60 орынның орнына мұнда 123 оқушы оқып жатыр.