Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғындары өз ақшасына жасаған жолды "Алматы су" кәсіпорны балшыққа айналдырғанын айтып, шағымданды

Алматы қаласы Мәдениет ықшамауданының тұрғындары өз ақшасына жасаған жолын “Алматы су” кәсіпорны балшықты аймаққа айналдырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

TikTok әлеуметтік желісінде тұрғын Елена Садвакасова жергілікті билікке шағымданып, халық салған жолды қайта жөндеп беруді талап етті. 

“Мәдениет ықшамауданының тұрғындары жолды өзіміз салдық. Бір камаз құм 90 мың теңге тұрады. Асфальтталған жолды осы балшықтан қорғау үшін қыс мезгіліне алдын ала дайындадық. Жолды жасамас бұрын Алатау ауданы әкімдігімен ақылдастық. Жергілікті биліктен “Мұнда алдағы уақытта қандай да бір жол жөндеу жүргізілмей ме?” деп сұрадық.  Әкімдік 2024-2025 жылдың қыс мезгіліне ешқандай жоспар жоқ, емін-еркін жасай беріңіздер, деді. Нәтижесінде, біз балшыққа белшемізден батып отырмыз”, – деді тұрғын. 

Сондай-ақ ол көктем мезгілінде бұл жолмен жүру мүмкін емес екенін жеткізді. 

“2024 жылдың желтоқсан айында "Алматы су" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны дәл осы жерде қазба жұмыстарын бастады. Өз жұмыстарын жақсы атқаратынын жеткізді. Дегенмен олай болмады. Қазір 2025 жылдың ақпан айы. Көктемде бұл жермен жүру мүмкін емес. 100% сеніммен айта аламын. Мұнда көп топырақ қалды. Бірақ біз үшін ештеңе істемеді”, – деді тұрғын. 

Сондай-ақ тұрғын қала әкімдігі мен “Алматы Су” өкілдерінен жол мәселесін тезірек шешуді талап етті.

“Неге халықтың ақшасын жай ғана топырақтың астына көме салдыңыздар. Егер соңында біз зардап шексек, не себепті жөндеу жұмыстары желтоқсан айында жасалды?” – деді тұрғын.

@eienaeew6y3

 

♬ оригинальный звук - Елена Садвакасова

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді. 

Жергілікті билік мәліметінше, 2025 жылы жол құрылысы бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Қазір мердігер ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. 

"Алматы Су" тапсырысы бойынша магистральдық су құбыры желісіндегі апаттарға байланысты авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында ұзындығы 1,5 шақырым пластикалық су құбыры магистральдық құбырға ауыстырылды. Мәдениет мекенжайы бойынша Алматы қаласы ұтқырлық басқармасының тапсырысы бойынша 2025 жылы жолдардың жаңа құрылысы бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Жол құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайын. Қазір мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, мердігер ұйым анықталып, Мәдениет шағын ауданында инженерлік желілер құрылысы аяқталған соң көшелерге асфальт төселеді. Сондай-ақ жұмыс аймағында шұңқырлар пайда болған жағдайда инертті материалдармен уақытша толтырылады дейді. 

Талқылау