Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір иіскегеннен өліп кетеді": Қазақстандық жасөспірімдер жаңа қауіпті тренд бастады

Наркотик

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда жасөспірімдер арасында “карбик” деп аталатын жаңа қауіпті тренд пайда болды. Олар автокөлік карбюраторын тазалайтын сұйықтықты иіскеп, есірткі шеккенге ұқсас әсер алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай аэрозольді баллондарды табу өте оңай, бағасы да қолжетімді. Оның құрамында ацетон, метил спирті, толуол және көмірсутектер бар. Оны иіскегендер есірткі шеккенге ұқсас әсер алады. Карбюраторларды тазалауға арналған бұл улы заттар тыныс алу жолдары арқылы ағзаға еніп, уландырып, ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін дейді мамандар.

“Бұл зат ең алдымен тыныс алу жүйесіне жүктеме салады. Яғни өкпеге, кейін жүрек-қан тамырлары ауруларына, түрлі астмаға себеп болуы мүмкін – бәрі осыдан зардап шегеді", – дейді балалар психологы Галина Мурзабаева.

"Карбиктің" арзан болғандықтан оған көбіне жасөспірімдер мен балалар әуес. Психологтардың айтуынша, оларды бұл қауіпті әдетке итермелейтін себептер – қатарластары арасында өзін дұрыс көрсетудің жолын таба алмауы, тезірек ересек болуға ұмтылу.

"Бұрын бензин, желім сияқты заттар қолданылатын. Ал қазір оттықтар, тұрмыстық газ сияқты заттар да пайда болды. Жаңа синтетикалық есірткілердің дамуымен қатар токсикомания саласында да қолданылатын заттардың түрі көбейіп жатыр", – дейді Психикалық денсаулықтың республикалық ғылыми-практикалық орталығы" РМК филиалының директоры Шайзат Тлеубаева.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наркологиялық есепте 150-ден астам бала тіркелген. Оның 100-і – алкогольге тәуелді, 51-і – есірткіге тәуелді, тағы 11-і – токсикоманияға шалдыққан. Бұл – негізінен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бірақ бұл ресми көрсеткіштер ғана. Наркологтар мен полицияның назарына ілікпегендердің саны әлдеқайда көп болуы ықтимал.

“Көбіне бұл – 5-9 немесе 12-15 жас аралығындағы балалар. Мұндай балаларды ата-аналары немесе мұғалімдері әкеледі. Себебі бала ашушаң бола бастайды, оқуға деген қызығушылығы жоғалады, сыртқы келбетіне мән бермей кетеді және тағы басқа белгілер байқалады”, – дейді нарколог дәрігер Арай Әзімбекқызы.

Баланың улы затты қолданатынын көрсететін белгілері бар. Атап айтқанда, оның денесінен бөгде, өткір химиялық иіс шығады. Сонымен қатар мінез-құлқы мен сөйлеуіндегі өзгерістерге де назар аудару керек. Эйфориядан агрессияға дейінгі көңіл-күйдің жылдам ауысуы – тыйым салынған заттарды қолданудың тағы бір белгісі деп ескертті мамандар.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 25 Маусым, 2025 08:58
Талқылау