"Бір грамы 15 мың теңге": Шымкентте арзан алтын алғысы келген тұрғындар алаяққа алданып қалды
Шымкенттің үш тұрғыны алтын бұйымдарды төмен бағаға сатып аламыз деп жалпы сомасы 1 миллион теңгеден айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдікті Instagram желісінде парақша ашып, күн сайын зергерлік бұйымдардың фотосуреттерін жариялап отырған. Сонымен қатар, парақшасында тауар сатып алған тұтынушылардың жақсы пікірлерімен де бөлісіп отырған. Бір граммы 15 мың теңге тұратын "импорттық алтын бұйымдарды" уәде етіп, шетелден өз қолыммен әкелемін деп сендірді.
Жәбірленушілер бірнеше зергерлік бұйымдарға тапсырыс беріп, күдіктінің өтініші бойынша алдын ала төлем жасаған. Осыдан кейін жәбірленушілер күдіктімен байланыса алмаған.
Жәбірленушілер арызданған соң полицейлер олардың ақша аударымдарын тексере отырып, нәтижесінде 39 жастағы Түркістан облысының тұрғынын ұстады.
Полиция алаяқтық фактісі бойынша іс қозғады. Тергеу шаралары аясында басқа зардап шегушілердің бар-жоғы анықталып жатыр.