Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір бірімен байланысы жоқ, коммерциялық емес ұйымдар": Назарбаев өзі құрған университет пен қорға қатысты сынға жауап берді

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілі саясатанушы Данияр Әшімбаевқа сұхбат берді. Халық арасында жүрген маңызды сұрақтарға жауап берген ол Назарбаев университеті мен Назарбаев қорына қатысты сынның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Назарбаев өзінің бұл ұйымдардағы рөлі туралы айтты. Тұңғыш президенттің сөзінше, "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" мен "Назарбаев Қоры" туралы 2011 жылы қабылданған заңда, қордың тек Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептердің қызметін қаржыландыру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым екені анық жазылған.

"Әлемдегі көптеген университеттерде эндаумент қорлары бар. Біздің қор да солар секілді. 2000 жылы құрылған Нұрсұлтан Назарбаев қорының да бар екенін атап өткім келеді. Бұл қор тек білім берумен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, мәдени, халықаралық және қайырымдылық шаралармен де айналысады. Олардың арасында менің бастамаммен құрылған "Astana Club", "Қамқорлық", "Ел үміті" ұйымдары.

Мәселен, "Қамқорлық" бағыты аясында республика өңірлерінде жыл сайын 5 мыңға жуық туа біткен кемістіктері, жүйке жүйесі аурулары бар балаға көмек көрсете алатын 8 оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында жалпы білім беретін мектептерде 16 бейіндік кабинет ашылды. "Ел үміті" бастамасы аясында бірқатар білім беру жобалары жүзеге асырылып жатыр, олардың мақсаты – талантты жас қазақстандықтарды табу және қолдау. Қор сонымен қатар қазіргі әлемнің өңірлік және жаһандық сын-қатерлерін талқылайтын сарапшылық алаңға айналған әлемдік экономика және саясат институтын және мемлекеттік тілді дамыту қорын басқарады. Сонымен қатар, қор жанынан цифрлық инновацияларды қолдау үшін IT кеңесі құрылды. Оның мақсаты – қазақстандық жастарға өздерінің IT-жобаларын ашуға және әлемдік нарыққа шығуға көмек қолын созу", - дейді Назарбаев.



Тұңғыш президент сонымен қоса екі қордың тәуелсіз және бір-бірімен байланысы жоқ коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейтініне сендірді.

"Назарбаев университетін құру жоғары білім берудің жаңа стандартын қалыптастыру менің бастамам болғанын атап өткім келеді. Бүгінгі күні ол Қазақстанның ғана емес, Азияның жетекші университетіне айналды. Бұл мақтануға тұрарлық жәйт. Университет түлектерінің 92%-дан астамы Қазақстанда еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Университет өзінің тиімділігін дәлелдегенін ерекше атар едім, сондықтан біз осы тиімді білім беру моделінің тетіктерін қабылдап, еліміздің басқа университеттерінде қолдануға тырысуымыз керек. Бұл процесс жүзеге асырылып жатыр", - деп қосты Назарбаев.

Ол сонымен қоса тікелей Назарбаев университетінің қаржылық менеджменті мәселелерімен, оның инвестициялық қызметімен, соның ішінде еліміздің жекелеген қаржы институттарымен университеттің қамқоршылық кеңесі айналысқанын жеткізді.

"Ол уақытта Кеңес төрағасы болып премьер-министр болып тұрған Кәрім Мәсімов келді. Осылайша, оның құзыретіне университеттің де, сонымен қатар тиісті құрылымдардың да, оның ішінде жекелеген қаржылық ұйымдардың да қаржылық қызметі кірді", - деді Назарбаев.

Талқылау