"Былтырғы өнім қоры таусылуға жақын": Елімізде қолжетімді көкөністердің бағасы өсіп жатыр
Павлодар облысында қырыққабат екі есе қымбаттаған, ал картоп бағасы 16% өскен. Өңірде қырыққабаттың келісі 250-270 теңге аралығында сатылып жатыр. Бұл тұтынушылардың наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Ru.freepik.com
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жыл басынан бері Павлодар облысында ақбас қырыққабат 46%, ал картоп 15,6% қымбаттаған. Көкөніс бағасының артқанын жергілікті тұрғындар да байқаған.
“Көкөністің де, азық-түліктің де бағасы өзгерген. Не істей аламыз?”, “Картоп алмаймын, ол да қымбат. Сарымсақ та қымбат”, “Әрине, наразымыз. Бәрі қымбат. Амал жоқ”, – дейді тұрғындар.
Ауыл шаруашылығы басқармасы қымбатшылықты маусымдық деп түсіндірді. Өткен жылғы өнім қоры таусылуға жақын, ал жаңа өнім әлі жиналған жоқ. "Павлодар" ӘКК тұрақтандыру қоры жыл басынан бері серіктес дүкендердің сөрелеріне 810 тонна картоп пен 105 тонна қырыққабат жіберді. Өңірде осындай 203 сауда нүктесі бар.
“Бүгінде өңірлік тұрақтандыру қорында картоптың шамамен 4 200 тоннасы, ақбас қырыққабаттың 710 тоннасы бар. Картоп дүкен сөрелерінде 120 теңгеден, қырыққабат 157 теңгеден сатылып жатыр”, – дейді "Павлодар" ӘКК Павлодар облысы бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету департаментінің директоры Азамат Дандыбаев.
Көкөніс өсірушілер одағының басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі картоп экспортына тыйым салғанымен бұл оның бағасына еш әсер еткен жоқ. Сарапшылар да қымбатшылықты маусымдық фактормен байланыстырды. Олардың сөзінше, табиғи сақтау мерзімі аяқталуға жақын.
“Фермерлер бұл өнімді сапасына, сыртқы түріне және тауарлық тартымдылығына байланысты 150-190 теңге аралығында өткізеді. Бөлшек саудадағы үстеме бағамен оның құны 250-270 теңге болуы мүмкін”, – дейді Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Байжанов Уәлихан.
Сондай-ақ сарапшылар оңтүстік өңірлерден және Өзбекстаннан келетін экспорт есебінен жақында қырыққабат бағасы түседі деген болжам жасады. Аймақта ресми түрде тапшылық жоқ, тұрақтандыру қорындағы қорлар жеткілікті.
Бұған дейін сауда және интеграция министрі Рамазан айында азық-түліктің бағасы қалай өзгеруі мүмкін екенін айтқан еді.