Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйгілі мультимиллиардер байлығын балаларына мұра етіп қалдырмайтынын айтты

Microsoft компаниясының негізін қалаушы, мультимиллиардер Билл Гейтс балаларына қандай мұра қалдыруды жоспарлап отырғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Page Six порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Getty Images for The New York Times / Билл Гейтс

Таяуда Гейтс үндістандық танымал блогер Радж Шаманиге сұхбат берді. Әңгіме барысында әртүрлі дәстүрлер талқыланды. Шамани Үндістанда ата-аналар балалар үшін мүмкіндігінше көп ақша жинауға тырысатынын және қайырымдылыққа сирек қаражат бөлетінін айтты. Бұған жауап ретінде Гейтс өзінің мұрасының басым бөлігін балаларынан аяйтынын жеткізді.

"Балаларым жақсы тәрбие мен білім алды, бірақ олар менің байлығымның бір пайызынан да аз бөлігін ғана алады. Менің ойымша, үлкен мұра оларға пайда әкелмейді. Біздің әулетте мұндай дәстүр жоқ. Мен олардан Microsoft-ты басқаруды сұрамаймын", – деді ол.

69 жастағы Гейтстің бұрынғы әйелі Мелиндамен үш баласы бар: 28 жастағы Дженнифер, 25 жастағы Рори және 22 жастағы Фиби. 

Page Six мәліметінше, Гейтстің байлығы 101 миллиард долларға (52,048 триллион теңге) бағаланады. Оның бір пайызының өзі бір миллиард доллардан (517 миллиард теңге) асады.

"Балаларымның жетістіктерге өзі жеткенін, өз табыстарын тауып, маңызы бар тұлғаға айналуын қалаймын. Менің жолымда кездескен таңғажайып нәрселерге, соның ішінде сәттілікке сене бермеу керек екенін айтқым келеді", – деді Гейтс.



Еске салайық, бұған дейін Forbes әлемдегі ең бай адамдардың жаңартылған рейтингін жарияланғанын жаздық. Тізімге жалпы байлығы 38,8 миллиард доллар болатын жеті қазақстандық бизнесмен енген. Kaspi акционері Вячеслав Ким қазақстандық миллиардерлер арасында бірінші орында қалды. Оның байлығы 7,1 миллиард долларға жетіп, әлемдік тізімде 464-орынға көтерілді (ол өткен жылы 511-орынға ие болған). Бір жыл ішінде оның капиталы 1,3 миллиардқа өсті. Екінші орынды Kaspi-дің тағы бір акционері Михаил Ломтадзе иеленді. Оның таза байлығы 5,9 миллиард доллар және ол әлем бойынша 597-орында. Freedom Holding иесі Тимур Турлов прогресс жасады. Оның байлығы екі есеге жуық өсті, яғни 3,3 миллиард доллардан 5,8 миллиард долларға дейін көбейген. Әлемдік рейтингте ол көптеген танымал кәсіпкерлерді басып озып, бірден 991-орыннан 605-орынға көтерілді.

Талқылау