Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім министрі мұғалімдерді үй аралау азабынан құтқармақ

Елімізде мұғалімдерді әкімдік жұмысына жегуге заңмен тыйым салынбақ. Шенеуніктерге әбден қол бала болып үйреніп қалған әріптестеріне Білім министрінің өзі араша түсті,-деп жазды КТК арнасы.

мұғалім

 Енді ұстаздар сайлау кезінде үй-үйді аралап, тұрғындардың тізімін жасап, сенбілікте көше сыпырып, билет сатудан түбегейлі босатылуы мүмкін. Өйткені, министрлік Үкімет басшысының атына тиісті қаулы дайындап жатыр. Құжатқа премьер қол қойса, мұғалімдерді жөн-жосықсыз жұмсауға ешкімнің қақы болмайды.

Ұстаздарды шенеуніктердің қол бала қылып алғаны Сағадиевтің жанына қатты батып жүр екен. Білім министрі жергілікті әкімдіктерден оларды оңды-солды жұмсауды тоқтатуды талап етті. Еліміздің бас мұғалімі әріптестерін қоғамдық жұмыстарға жегуге тыйым салатын арнайы құжат дайындап жатыр.

«Мұғалімдерді мәжбүрлеуді тоқтатамыз. Қазір ұстаздар жұртқа жол жүру билеттерін таратады, үйлерді аралайды, статистикалық мәліметтер жинайды. Мұғалімдерді жұмсауға тыйым салатын Үкіметтің қаулысын әзірлеуге кірістік»,- дейді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Әкімдіктегілер, әсіресе, сайлау, халық санағы сынды науқанда ұстаздарды күні-түні жұмысқа жегіп қояды. Оны 14 жылдық тәжірибесі бар  ақтөбелік мұғалім Меруерт те бастан кешкен. Айтуынша, мемлекеттік тапсырма алған мұғалімдер мұндай кезде мектеп түгілі, үй бетін көрмейді.

«Жанұямызға, балаларымызға көңіл бөлетін уақыт болмайды. Балабақшаға бара алмаймыз. Балаларымызбен  кездесе алмаймыз»,-дейді мұғалім Меруерт Қосжанова

Бұл аздай, мұғалімдердің ай сайын есік қағатын комиссиядан да жүректері шайлығып қалған. Мектепті тексеруге келгендер ұстаздардан міндетті түрде есеп талап етеді. Ал Білім министрлігі болса, керісінше, оқу ордаларындағы бар құжатты электронды жүйеге көшіруге бұйрық берген. Енді екі ортада ұстаздар кімнің айтқанын істерлерін білмей дал.

«Ұстаздар қорқып қалған. Олар әлі күнге дейін журналды қолмен толтырып жүр. Тексеруге келгендер басымызды кеседі дейді. Мен бар құжатты электронды жүйеге ауыстыруды бұйырсам да, мұғалімдер түнімен қағаз толтыруды тастамаған»,-дейді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Дегенмен, Сағадиев мұғалімдерді қағазбастылықтан да құтқарудың жолын тауыпты. Қаржы министрлігі және  Бас прокуратурамен бірлесіп, ортақ ереже орнатпақшы. Яғни, комиссия ұстаздардан қағаз жүзінде есеп беруді талап ете алмайтын болады. Ал ақша жинауға келсек, министр енді мектептегі қаржы тапшылығын демеушілердің көмегімен шешпек.

«Мектепке көмектесу керек. Мүмкіндігі бар адамдар қаржылай қолдау көрсетсін. Бірақ мәдениетті түрде. Ал ақша аударған адамның портретін мектептің қабырғасына іліп қояйық»,-деді ҚР Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиев

Демеушілерден жиналған ақшаның қайда жұмсалғанын ата-аналар мен депутаттар және Білім министрлігінің өкілдерінен құралған комиссия мүшелері бақылауда ұстамақ. Ал, ұстаздарды жұмысқа жеккендер тәртіпке бағынбаса, айыппұл салынуы мүмкін.

Жіберіп алмаңыз:

Uber қызметкері алғашқы жұмыс күнінде-ақ жыныстық бопсалауға ұшырағанын айтты

Түркияда Дональд Трамптан аумайтын адам табылды

Некесіз секспен айналысқан мұсылман әйеліне 26 рет дүре соғылды (фото)

Порно фильмге түскені үшін жұмыстан қуылған мұғалім әйелдер құқығын қорғап арызданды

Талқылау