Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәслихат депутаттарының құзыреттілік деңгейін жүйелі түрде арттыру қажет – Тоқаев

Мемлекет басшысы Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз сөйледі. Президент мәслихаттардың аймақтардағы экономикалық саясатқа ықпалын арттырғысы келетінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Президент жергілікті басқару жүйесінің тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты екенін айтты. 

“Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет”, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар президент депутаттарды халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге міндеттеді. Айтуынша, бұл мәселеде кем-кетіктер көп.

“Мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды", – дейді Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бюджет және салық кодекстері әзірленіп жатқанына орай жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуі керегін еске салды. 

“Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет”, – дейді президент.

Сондай-ақ Тоқаев бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатқанына назар аударды. 

“Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі, бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс. Біз "Қуатты аймақтар – қуатты ел" қағидатына сай жұмыс істеуіміз керек. Сіздер мұның маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әр депутат өз ауданын өркендетуге атсалысады деп сенемін", – деді мемлекет басшысы.

Президент әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатқанын атап өтті. 

“Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз”, – дейді Тоқаев.

Сондай-ақ ол реформа партиялардың аймақтағы белсенділігінің артуына ықпал еткенін атап өтті.

“Олар облыс, аудан орталықтарында қарқынды жұмыс істей бастады. Азаматтардың саяси үдеріске кеңінен араласуына мүмкіндік туды. Жер-жерде түрлі мәселе туралы ашық талқылаулар өтіп жатыр. Басқаша айтсақ, пікір алуандығына жол ашылды. Жұрт жергілікті мәселелерді шешуге белсене атсалысатын болды. Бұл "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатымен толық үндеседі”, – деді президент.

Талқылау