Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады – Тоқаев елдегі реформалар жайлы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің кейінгі үш жылда айтарлықтай өзгерістерге ұшырағанын атап өтті. Ол 2022 жылдың наурыз айында Қазақстанды түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар жүргізілетінін мәлімдеп, алғаш рет Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтергенін еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

"Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылда Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылғанын алға тартады. Оның айтуынша, басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды. 

"Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақытта ауыл әкімдерінің 72%-ы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайды. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды", – деді президент.

Осы ретте президент билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмағанын атап өтті.

"Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы", – деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев. 



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әкімдердің 60%-ы бұрын әкім болмаған және мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін жазған едік. Вице-премьер Қанат Бозымбаев елімізде "Әкімдер мектебі" жұмысын бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, біліктілікті арттыру бағдарламасы ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін болып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.

Талқылау