"Билік маған өлмей қалғаным үшін ренжулі": Ресей оппозиционері Алексей Навальный түрмеге жабылды
Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный "Ив Роше" ісіне қатысты шартты жазасын енді түрмеде өтейтін болды. Ол 2 жыл 8 айға абақтыға жабылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот барысында Навальныйды қолдауға ғимараттың алдына халық жаппай жиналыпты. Полиция 370 адамды ұстап әкеткен.
Мәскеу соты "Ив Роше" ісіне қатысты Алексей Навальныйға шығарылған шартты үкімді 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды. Судья Навальныйдың 9 ай бойы үйқамақта отырғанын ескере келе, айыпталуышыны 2 жыл 8 айға түрмеге жабу туралы шешімге келген.
Сот ресми күшіне енген жоқ. Навальныйдың қорғаушылары он күн ішінде аппеляцияға шағымдана алады.
- Алексей Навальный Путиннің зәулім сарайын көрсетті
- Навальныйдың ұсталуы теңгеге қалай әсер етеді - Сарапшылар пікірі
Айыптаушы тарап оппозиционердің ауруханадан шығып, екі ай бойы қонақ үйде жатқанына назар аударыпты. Сотқа Навальныйдың әйелі, ресейлік журналистерден бөлек, жиырмадан астам Еуропа елдерінен дипломаттар қатысқан. Өз кезегінде Кремль мен Ресейдің ішкі істер министрлігі осылайша Еуропа мемлекеттерін Ресейдің ішкі саясатына араласуда деп сөкті.
Навальный болса, "Ресей үкіметі маған удан өлмегенім үшін ренжулі" дейді. Айтуынша, Ресейдің құрамдас бөлігі ретінде есептелетін Еуропа соты "Ив Роше" ісі бойынша айыптауларды негізсіз деп тапса да, билік барынша Навальныйды түрмеге жабуға асығуда.
Айта кетейік, "Ив Роше" ісі бойынша Алексей Навальный мен оның інісі Олег Навальный кәсіпкерлік қызметінде сомасы 26,7 млн рубльге (шамамен 149 млн теңге) алаяқтық жасады деп айыпталған. Аталған іске қатысты Yves Roches ұйымының ресейлік филлиалының директоры Бруно Лепру шағымданған.
Еске салсақ, 20 тамызда Алексей Навальныйдың ұшақта жағдайы нашарлап, ауруханаға түседі. Кейіннен оның уланғаны мәлім болды. Оппозиционер өміріне қастандық жасады деп Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған. Кейіннен Германияда емделіп келген Алексей Навальный әуежайда тұтқындалады. Осыған орай, оппозиционерді босатуды талап еткен халық Ресейдің бірнеше қалаларында наразылыққа шықты.