Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағаны келісіп көтерді деп айыпталған Kcell мен Tele2/Altel билікті сотта жеңіп шықты

оператор

Фото: Unsplash

Алматы қаласы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті Kcell және Мобайл Телеком-Сервис компанияларына қатысты баға келісімі күдігімен басталған тергеуді сот шешімінен кейін тоқтатты. Антимонополиялық орган істі сотта ұтылып, шешімді орындауға міндетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыдағы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басшысы Нұржан Нұрланұлының айтуынша, 2024 жылы қазақстандықтардан түскен көптеген шағымдардан кейін аталған операторларға қатысты "келісілген әрекеттер" белгілері бойынша тергеу басталған. Тұтынушылар байланыс тарифтерінің бір мезгілде және ұқсас деңгейде қымбаттауына наразылық білдірген.

Алайда байланыс операторлары антимонополиялық органның әрекеттеріне сот арқылы шағым түсірген. Осылайша, сот шешімі компаниялардың пайдасына шығарылып, департамент тергеулерде жеңіліс тапқан.

"Біз 2024 жылы көпшілік шағымдарының негізінде Kcell мен МТС-ке қатысты келісілген әрекеттер бойынша тергеу аштық. Тергеу барысында бұл операторлар біздің әрекеттерімізді сотта дауласты. Өкінішке қарай, сотта бұл істер бойынша жеңіліп қалдық", – деді Нұржан Нұрланұлы.

Департамент басшысы сот шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан қазіргі тексерулерді жалғастыруға заңдық мүмкіндік жоқ.

"Сот шешімін біз түсіндіре алмаймыз, себебі ол міндетті түрде орындалуы қажет. Осыған байланысты тергеулер тоқтатылды", – деді ол.

Сонымен қатар реттеуші орган байланыс нарығын бақылауды тоқтатпайтынын мәлімдеді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдерінің айтуынша, операторлардың әрекеттері әрі қарай да мониторингтен өтеді. Егер алдағы уақытта бәсекелестікке қарсы жаңа белгілер анықталса, компанияларға қатысты қайтадан шара қолданылуы мүмкін.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық мобильді операторлар тариф құнын келісіп 20% көтерді деп айыпталғанын жаздық. Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов Қазақстандағы үш ірі ұялы байланыс операторы Altel, Tele2 және Beeline Kazakhstan тарифтерді 20%-ға бір мезетте көтергенін сынға алды. Ол Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров атына депутаттық сауал жолдап, бұл әрекет монополиялық келісім болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 16:50