"Билетсіз жүргендермен күреспей ме қайта": Астаналықтар жол жүру ақысының қымбаттауына наразылық білдірді
Астана қаласының тұрғындары жол жүру ақысының қымбаттауына наразылықтарын білдірді. Бұған дейін елорда әкімдігінің қоғамдық көліктердің бағасын көтеретінін мәлімдеген. Алайда тұрғындар оның орнына жол ақысын төлемейтін азаматтармен күрессін дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: time.kz
Астана әкімдігінің енгізген өзгерісіне сәйкес, жол жүру ақысы көлік картасымен төлеу кезінде 110 теңге, қолма-қол төлегенде 220 теңге болмақ. Алайда қала тұрғындары бұл шешіммен келіспейді. “Қазірдің өзінде жолаушылардың бәрінен түгел жол ақысын жинай алмай отырғанда, оның бағасын көтерудің қажеті не?” – деп таңданады олар.
Сергей Хван есімді желі қолданушысы өзінің күнделікті қоғамдық көлікпен жүретінін алға тартып, көп адамдардың тек тексеруші мінген сәтте ғана жол ақысын төлей бастайтынын айтады.
“Мен – қарсымын! Қоғамдық көлікпен күнделікті жүремін. Тексеруші кірсе ғана, көп адам телефонын алып, ақшасын төлей бастайды. Мұндай “қояндар” (ақы төлемей жүретіндерді айтып отыр – ред.) шамамен 40%, ал ығы-жығы сәтте одан да көп болуы мүмкін. Бар жолаушылардан ақша жинай алмағанда, жол ақысын көтерудің не керегі бар?”, – дейді ол.
Хван егер "қояндарды жоюға" құзыреті жеткіліксіз болса, онда басшылық отставкаға кетуі керек деп санайды. Ол сонымен қоса шетелдердегі қабылданған қағидаларға тоқталған.
- Ауыр еңбек пен мардымсыз жалақы: Алматылық көше тазалаушылардың халі қалай
- Жылына 100 миллион текше метр: Қазақстанда көлік жууға және моншаға қанша су кететіні есептелді
“Ыстамбұлда “қояндарды” еркін жүргізіп қоймайды. Мәселен менің Halyk картамнан ақша алынбай қалып еді, мені түсіріп кетті. Прагада ұсталса, айыппұл 20 мың теңгені құрайды. Сондықтан ол жақта "қоян" болып жүру қымбат. Парижде сіз төлем жасамайынша метроға немесе автобусқа кіре алмайсыз”, – дейді ол.
Сергей Хван өзі атап өткен елдерде жол ақысының арзан екенін де баса айтып өткен.
Жазба астында пікір қалдырғандар да бұл ойды қолдайды. Олар тегін жүрушілермен күресу үшін әр автобусқа кондуктор қоюды ұсынады.
“Тек баға көтеруді ғана біледі. Бағаны көтерсек болды мәселе шешілді деп ойлайды. Сол секілді судың бағасын көтеру арқылы халықты суды үнемдеуге үйретуге ұйғарған. Модернизацияға да халықтың ақшасын қолданады, ал олигарх ұрылардың қайтарған ақшасы қайда?! Халықтың үміті әбден үзілуге жақын”, – деп жазады Динара Ибраева есімді қолданушы.
Қазіргі уақытта Астанада қоғамдық көлікте жол жүру құны көлік картасымен төлегенде 90 теңгені құрайды. Қала билігі бұл соманы 2012 жылы белгілеген. Қолма-қол төлесеңіз, жол жүру ақысы 180 теңге.
Әкімдік ұсынған бұл құжат 5 наурызға дейін қоғамның талқылауында болады.