Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Билетке ұқсайды“: Желіде 1000 теңгелік банкноттың дизайны қызу талқыға түсті

банкнотВидеодан скрин

Threads әлеуметтік желісінде 1000 теңгелік банкнот туралы жазба аз уақытта жарты миллионға жуық қаралым жинап, көпшіліктің назарын аударды. Пайдаланушылар пікірі екіге бөлінді: бір бөлігі жаңа купюраны ерекше әрі әдемі деп бағаласа, енді біреулері оның дизайнын ұнатпады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі қолданушылары “Цирк билетін еске салады”, “Неге әр 3–5 жыл сайын дизайнды өзгертеді. Бұлай жиі ауыстырудың не қажеті бар?”, “Қай нұсқасы соңғы екенін шатастырып алдым. 1000 теңгенің дизайны менің өмірімдегі өзгерістерден жиі ауысады”, “Өзіме естелікке осындай купюра алғым келеді"” деген секілді пікір қалдырды.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1000 теңге номиналындағы естелік банкнот 2025 жылдың 9 мамырында Жеңіс күніне орай айналымға шығарылған. Тиражы – 5 миллион дана.

"Отандастарымыздың ерлігі мен батырлығын ұлықтау мақсатында бұл естелік банкнот айналымға енгізілді. Түстік гаммасы бұрынғы 1000 теңгелік банкноталармен бірдей, бұл олардың танылуын және қолданысын жеңілдетеді", — деді Ұлттық банк.

Банкнотаның дизайны
Түсі: қоңыр қызғылт және сарғыш.

Алдыңғы бетінде:
•    Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалы,
•    Микрооптикалық қорғаныш жолағы – банкнотаны бұрғанда, онда көлем мен тереңдік эффектісі, "мәңгілік от" пен ұшып бара жатқан тырналардың қозғалысы көрінеді.

Кері бетінде:
•    Қазақстан картасы және тарихи мұрағаттық фотосуреттер, оларды "Кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының орталық мемлекеттік архиві" ұсынған,
•    Орден бейнесі.

"Бұл 1000 теңгелік банкнота ел аумағында барлық төлем түрлері үшін жарамды. Төлем, шотқа қабылдау, айырбастау, аударымдар кезінде қолдануға болады", - дейді Ұлттық банк.

Қаржы реттеушісінің мәліметінше, жаңа 1000 теңгелік банкноттың жалған нұсқалары анықталған жоқ. Алайда, 2025 жылдың алғашқы 9 айында барлығы 138 жалған ақша белгісі (135 банкнот және 3 монета) анықталған.

Олардың ішінде 5000 теңгелік банкноттар – 124 дана (89,8%), 10 000 теңге – 6 дана (4,3%), 2000 теңге – 5 дана (3,6%), монеталар – 2,3% құраған.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 15:55
Талқылау