Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Билет пен қонақүй брондалмаған": Алматыда 70-ке жуық адам Умра қажылығына ұша алмай қалды

Алматыда 70-ке жуық адам Умраға аттану үшін Qazaq Umma компаниясынан жолдама сатып алғанымен, сапарға шыға алмады. Туристер қасиетті Мекке мен Мединаға 19 ақпанда ұшуы керек еді. Бірақ рейске санаулы сағат қалғанда компанияның ұйымдастыру мәселелеріне байланысты ешқандай билет пен қонақүй брондалмағаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Жолдама алған азаматтар шамамен 650 мың теңгеден төлеген. Бұл қаражатқа төрт жұлдызды қонақүйде тұру қарастырылған еді. Алайда Qazaq Umma компаниясы қаржылық қиындыққа тап болып, қажылардың ақшасын басқа сапарларға жұмсағанын мойындады. Қаңтар айында да бірнеше адам осындай жағдайға тап болып, ақшасын әлі күнге дейін қайтара алмаған.

Туристердің айтуынша, компания өкілдері "ертең-ертең" деп, төлемді кейінге қалдырып келген.

“18 ақпанда сабаққа келесіздер, 19 ақпанда сағат 14:40-та ұшасыздар деді. Сабағына қатысып, жан-жаққа, туысқандарымыздың үйіне қонып, ертесі күні хабарын айтамыз деген. Ертесінде сағат 9-да ұшпайтын болдыңыздар, рейс болмайды деді. Qazaq umma серіктестігі біздің сенімімізге кіріп, сонда бізді алдаған ғой”, – деді турист Ләззат Темірова.

Компания директоры Әділбек Тұрғымбаев өздеріне 40 миллион теңге қарыз жиналып қалғанын айтып, қазір өзге турфирмалармен келіссөз жүргізіп, туристерді қарызға жіберуге тырысып жатқанын мәлімдеді. Егер бұл мүмкін болмаса, үш-төрт апта ішінде қаражатты қайтаруға уәде берді. Ол үшін жеке мүлкін сатылымға шығарғанын да айтты.

Алайда алданған азаматтар полицияға шағым түсіріп, ақшаларын сот арқылы қайтарып алмақ.



Еске салайық, ішкі істер министрлігі Мекке мен Мединаға, сол сияқты әлемнің басқа да елдеріне саяхаттар кезде алаяқ компаниялардан сақ болу керек екенін айтып, қазақстандықтарға ескерту жасады. Министрліктің мәліметіне сенсек, қасиетті сапарды ұйымдастыруда сенімді компанияны таңдау маңызды. Бұдан бөлек бұған дейін Алматыда Меккеге шағын қажылыққа жіберемін деп адамдардың қаражатын алып, алдаған ер адам ұсталды. Ол жалған туристік компания атынан 180 адамнан 100 миллион теңге ақша алған. Зардап шеккендердің бірі Меруерттің (аты спикердің өтініші бойынша өзгертілген) айтуынша, "Жазира travel" деп аталған туристік агенттік БАӘ-ге ұшу 19-20 қаңтарға жоспарланғанын айтқан.

Талқылау