“Биіктігі 180 метр”: Таиландта ер адам отбасын құтқару үшін екі ғимараттың ортасындағы қираған көпірден секірген
Таиланд астанасы Бангкокта болған жер сілкінісі кезінде ер адам өз отбасын құтқару үшін биік ғимараттардың ортасындағы қираған көпірден секірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
36 жастағы Квон Ёң Джун 600 фут (шамамен 180 метр) биіктікте екі ғимаратты байланыстырып тұрған көпір қираған кезде, ажырап қалған аралықтан секіріп өтті. Ол өзінің әйелі мен баласына жетуді ғана ойлағанын айтты.
Оқиға наурыздың 28-і күні болған. Квон спортзалда жаттығып жатқан кезде 7,7 магнитудалы жер сілкінісі басталды. Ол көпір бастапқыда орнында тұрғанын, бірақ кейін қирағанын байқаған. Ол отбасын құтқару үшін еш бір ғимараттан екінші ғимаратқа секіріп өткен.
Оның әйелі Сукания Ютуам болған жағдайға сене алмағанын айтады.
"Көрудің өзі қорқынышты еді. Бұл өте қауіпті әрекет. Бірақ күйеуім қашанда отбасын бірінші орынға қояды", – деді.
Фото: dailymail.co.uk
Квон екі ғимараттың арасында секіріп өткенімен, қолын жарақаттап алған. Ол үйіне жеткен кезде, әйелі мен қызы әлдеқашан қауіпсіз жерге шығып кеткен болатын. Ер адам 40 қабатты жаяу түсіп, отбасымен қайта қауышты.
Зардап шеккен кешеннің құрылыс компаниясы ғимаратқа тексеру жүргізіп, оның қауіпсіз екенін мәлімдеді. Алайда, Бангкоктағы басқа ғимараттар қатты зақымданған. Құрылыс жүріп жатқан бір биік ғимарат толықтай опырылып, ондаған адам үйінді астында қалды.
Еске салайық, Оңтүстік-Шығыс Азияда екі күшті жер сілкінісі болды. Соның салдарынан Бангкокта салынып жатқан көпқабатты ғимарат құлады. Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Мьянмада тіркелді.
Соңғы мәліметтерге сенсек, Мьянмадағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 2,7 мыңнан асты. 4,5 мың адам жарақат алып, 400-ге жуығы із-түссіз жоғалып кетті.
Осыдан соң Тоқаев Мьянма мен Таиланд халқына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Қазақстандықтар шоколадтың күрт қымбаттағанына шағымданды: Неліктен тәттіге енді көбірек төлейміз
