Бейбіт Жұқаев Уимблдонға жолдама алған алғашқы қазақ теннисшісі болды
Фото: olympic.kz
24 жастағы теннисші Бейбіт Жұқаев қазақстандық теннис тарихында алғаш рет "Үлкен дулыға" турниріне іріктеу арқылы өткен спортшы ретінде есімін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Уимблдонның финалдық іріктеу кезеңінде ол француз Лука Павловичті 3:6, 6:3, 6:2, 7:6 есебімен жеңіп, негізгі сеткаға жолдама алды.
Жұқаевтың қарсыласы жеребе тарту нәтижесінде анықталады. Сонымен қатар, Қазақстан намысын турнирдің негізгі кезеңінде Александр Бублик (әлемнің 30-ракеткасы) және Александр Шевченко (ATP рейтингі бойынша 97-орын) қорғайды.
Қазіргі таңда Жұқаев ATP рейтингінде 251-орында тұр. ATP турнирлеріндегі дебюті 2022 жылы Астанада өткен жарыста болды. Оның ең ірі жетістіктерінің бірі — 2023 жылы Шанхайда өткен ATP 1000 турнирінің екінші кезеңіне шығуы.
2023 жылы Бейбіт екі рет Challenger сериясындағы финалға шығып, АҚШ-тың Шарлотсвиль қаласында өткен турнирде чемпион атанды. Оның ATP рейтингіндегі ең жоғары көрсеткіші — 171-орын.
ATP ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Жұқаев теннис ойынын 9 жасында Ақтауда бастаған. 12 жасында Алматыға қоныс аударып, кәсіби тұрғыда дайындығын жалғастырған. Қазіргі уақытқа дейін ол 496 мың АҚШ долларынан астам жүлде қорын иеленген.