Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Беті көгеріп, мұрны сынған": Түркістан облысындағы лагерьлердің бірінде 9 жастағы бала соққыға жығылған

Фото: Halyqstan Telegram-арна

Түркістан облысы "Арасан Машат" балалар лагерінің бірінде 9 жастағы бала соққыға жығылған. Оқушының анасының айтуынша, ұлының беті көгеріп, мұрны сынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 11 шілдеде түнгі уақытта балалар лагерінде болған. Баланың анасының айтуынша, демалыс орнының әкімшілігі ұлының екі қабатты төсектен құлағанын хабарлап, істі жылы жаба салмақ болған. Шыр-пыр болған ана енді әділдік іздеп жүр.  

"Ұлым Шахрухты қатты ұрып-соққаны бетінен айқын білінеді. Көзге көрініп-ақ тұр. Себебі беті көгеріп, мұрны сынған. Сол сәтте оны ешкім қорғамаған. Тәрбиешілер мән-жайды түсіндірудің орнына, істі жабуды жөн санап отыр. Олар маған телефон соғып, баламның екі қабатты төсектен құлап, жерге соғылғанын айтты", – дейді әйел. 

Баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әйел уайымдап, лагерге жүгіріп жеткен. Сол сәтте беті көгеріп, ісіп кеткенін байқаған. 



"Ұлымды үйге алып кетіп, дәрігерге жүгіндім. Медицина мамандары балама беті көгеріп, мұрны сынған деген диагноз қойды. Түркістан облысының полиция департаменті баланы лагерьде ешкім ұрып-соқпағанын, қылмыс құрамы жоқ екенін айтты. Жергілікті полиция қызметінің капитаны Бекназаров істің жабылғанын және кімнің соққы жасағанын анықтау жұмыстары жүргізілмейтінін жеткізді. Сонда лагерьдің иесі мен тәрбиешілер ешқандай жауапкершілікке тартылмай ма?", – дейді әйел. 

Әйел Түркістан облысының полиция департаменті мен прокуратурасынан әділ шешім шығаруды сұрап отыр.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Түркістан облысының полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді.

"Шымкент қаласы тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты құқыққа қайшы іс-әрекет жасалғаны туралы арызына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шара жүріп жатыр. Тараптардың барлық уәждері зерттеліп, сараптама тағайындалды. Тергеу нәтижесімен қолданыстағы заңнама аясында процестік шешім қабылданады. Бұдан бөлек мекеме әкімшілігінің жауапкершілігін қарау туралы ұсыныс енгізілді. Құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы мәселе қаралады", – делінген хабарламада. 
    
Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп, олардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілетіні айтылды.

Айта кетейік, бұған дейін Екібастұзда бір әйел ойын алаңында баланы ұрып-соғып, қорқытқаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 16:56
Талқылау