Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бесінші қабаттан секіруге оқталдым": 20 жасында адам өлтіргені үшін сотты болған бойжеткен әжесіне оралуды армандайды

Астаналық Дина Боос 3 жылдан бері Шымкенттегі ИЧ 167/4 қатаң режимдегі әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр. "Адам өлтiру" бабы бойынша айыпты деп танылған ол 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Темір торға тоғытылған бойжеткен "екі рет кездескен жігіттің құйтырқы әрекетінен құтылмақ болып шалыс бастым" дейді. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген жазасын өтеуші өмірінің көлеңкелі тұстарын айтып берді.

түрмедегі әйел

24 жастағы бойжеткен Ақмола облысында тұрғанын айтады. 9-сыныпты аяқтап, колледжде оқуын жалғастырады. Сөйтіп, аспаз мамандығын алып, астанадағы мейрамханалардың бірінде бармен-даяшы болып жұмыс істейді. 2018 жылдың қаңтарында достарымен туған күн тойлап, арты кісі өлімімен аяқталады. Бойжеткен қанды оқиғаның қалай болғанын байыппен айтып берді.

“Ол менен бірнеше жас үлкен жігіт еді. Бұрын бір рет кездестік. Туған күннен кейін оның пәтеріне бардық. Оқиға сол үйде болды. Пәтерін бекітіп, мені зорламақшы екенін ашық айтты. Бойымды билеген үрей мен қорқыныштан оған қалай пышақ сұққанымды да түсінбедім. Қолыма ілінгені сол. Пышақ өкпе артериясын тілді. Ол ауруханаға жетпей қайтыс болды. Қашып кетуге немесе сол тығырықтан шығатын жол болғанда адам өлтірмес едім ғой. Егер мен оған пышақ сұқпағанымда, мен оның орнында қабірде жатар едім”, – дейді Дина.

Туғанында анасы бас тартып, ал әкесінен 11 жасында айырылған Динаны әжесі бауырына басқан. Ал анасының қазасын есейгенде білген екен. Екі немере ағасы бар. Жазасын өтеуші туыстарын соңғы рет 2019 жылы көрген. Түзету мекемесінде ол аспаз болып жұмыс істейді.

“Болар іс болды, өкінгеніммен еш нәрсені қайтарып ала алмаймын. Тағдырдың жазғанына көнемін. Бұл жерден шыққан соң жұрт қатарлы тұрмыс құрып, бала сүйгім келеді. Әжемді сағындым. Әр сейсенбі және жұма күндері оған хат жазамын. Қоңырау соққанымда жауап бермесе, алаңдай бастаймын. Қарт кісі болғандықтан, оған күтім керек. Кейін сөйлескенде немере ағамның ұл-қыздарымен қыдырып кеткенін айтады. Бұрын оның қадірін білмедім. Балалық болғаннан шығар. Түрме есейтті. Бұл жерде көп нәрсені ойға түйесің”, – дейді ол.

Жазасын өтеуші бос уақытта өлең жазып, кітап оқитынын айтады. Темір торда түйгенім көп деген бойжеткен әжесіне арнаған өлеңін ақ параққа түсірді. Аспаз болса да тамақ талғамайды. Бастысы – дәмі тіл үйретін тағам болса жеткілікті. Өмірінің көлеңкелі тұстарын бізбен бөліскен Дина жасөпірім кезінде де бұзықтық істеуден қорықпағанын айтты.

“15 жасымда бір жігітке ғашық болдым. Махаббатым бас тартқанда бесінші қабаттан секіруге оқталдым. Көпқабатты үйдің шатырынан төмен қарап тұрып, есімді жинадым. Әжем менің қайғымды көтере алмайтынын түсіндім. Ол екі перзенті мен атамды жер қойнына тапсырған. Кейін қиындыққа қарсы тұруды үйрендім. Бірақ өмірде жасаған ең үлкен қателігімнен өзгелер сабақ алса деймін”, – деп аяқтады сөзін жазасын өтеуші.

Талқылау