Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бесағашта тағы да лай көшкіні жүріп, 17 адам эвакуацияланды

Бесағашта тағы да лай көшкіні жүріп, 17 адам эвакуацияландыФото: Видеодан скриншот

Алматы облысының Бесағаш ауылында қайтадан лай көшкіні жүрді. Көлемі шамамен 150 текше метр топырақ массасы тұрғын үйлерге қарай сырғып түсті. Қайтадан опырылу қаупіне байланысты 17 адам эвакуацияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2 наурызда сағат 20:59-да төтенше жағдай тіркелген. Топырақтың шамадан тыс ылғалдануы салдарынан шамамен 150 текше метр топырақ массасы Баянауыл көшесіне қарай сырғып түскен.

“Оқиға салдарынан ауладағы шаруашылық құрылыстар мен іргелес аумақты абаттандыру элементтері зақымданды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және әрі қарай тұруға төнген қатерге байланысты 17 адам эвакуацияланды”, – деп хабарлады ТЖД.


Алматы облысында үйдің аумағына таудан топырақ сырғып кеткен

Бесағашта екі жыл өтпестен қирап қалған беткейге 270 миллион теңге жұмсалған


Құтқарушылар “Бурабай” коттеджді қалашығы орналасқан аумақ 2015 жылдың өзінде-ақ техногендік қауіпті аймақ деп танылғанын атап өтті.

Ведомство бұл жердегі беткейлер сазды-шаңды лесс топырақтардан тұратынын, ал олар шамадан тыс ылғалданғанда тұрақтылығын жоғалтатынын түсіндірді.

“Оқиға орнына ТЖД, “Қазселденқорғау”, жергілікті атқарушы органдар мен полиция күштері жұмылдырылды. Беткейлерге мониторинг ұйымдастырылды, қауіпті аймаққа кіру шектелді”, – деп мәлімдеді ведомство.

Мамандардың айтуынша, бұл аумақтағы көшкіндер жүйелі сипатқа ие. Жағдайды ауа райы ғана емес, сонымен қатар үйлерді “инженерлік сүйемелдеусіз” салу кезінде беткейлерді қию, тиімді су бұру және кәріз жүйесінің болмауы да ушықтырып отыр.

Тұрғындарға әлі де уақытша баспана берілмеген

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, негізгі соққы №8 және №24 учаскелерге тиген. Әкімдік деректеріне сүйенсек, оқиға орнында қоршау мен сырттағы дәретхана қираған. Облыс әкімдігі жағдайды талдау нәтижесі көшкін үдерісінің жүйелі сипат алғанын және қолайсыз ауа райы кезінде қайталану қаупі жоғары екенін көрсеткенін алға тартты. 

Қауіпті аймақтан эвакуацияланған 17 тұрғын әзірге уақытша баспанамен қамтамасыз етілмеген. Қазір олар туыстарының үйлеріне орналастырылған. Ал әкімдік тарапынан уақытша тұрғын үй беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір беткейлерге тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, ал қауіпті аумаққа кіру шектелген. Мәселені түбегейлі шешу үшін геологиялық сараптама қорытындысы күтіледі.

Сондай-ақ әкімдік 6 қаңтарда көшелерге толыққанды кәріз жүйесін салу үшін бюджеттік өтінім берген. Бұл шара топырақта ылғалдың жиналуының алдын алуға бағытталған.

Ведомство мәліметінше, сараптама қорытындысы шыққанға дейін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған уақытша шаралар сақталады. Ал тексеру аяқталып, жобалық шешімдер дайын болғаннан кейін беткейлерді тұрақтандыру, инженерлік қорғанысты күшейту және көшкін қаупінің алдын алу бойынша кешенді жұмыстар айқындалады.

Әкімдіктің баспасөз қызметі қазіргі жағдай жергілікті атқарушы органдар мен жауапты қызметтердің бақылауында екенін хабарлады.

Оқиғаның мән-жайы

Айта кетейік, Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы “Бурабай” коттедж қалашығында 8 ақпанда сағат 10:23-те де лай көшкіні болған еді.

Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұған тұрақсыз ауа райы себеп болған. Жауын-шашын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, тау баурайынан топырақ массасы сырғып түскен.

“Оқиға салдарынан жеке тұрғын үй аумағындағы бастырма мен жеңіл көлік зақымданды. Тұрғын үйлер мен олардың көтергіш құрылымдарына зақым келмеген. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ”, – деп бұған дейін ТЖД хабарлаған еді.

Ақпаратқа сәйкес, дәл осындай көшкін 2024 жылы да болған. Сол кезде олар үйлерді апатты деп танып, сүріп тастап, өтемақы төлеуді сұраған. Алайда әкімдік оның орнына тау беткейін бекітуді таңдаған. Енді жаңа опырылудан кейін жергілікті тұрғындар әлі де үйлерін бұзуды талап етіп отыр, бірақ билік әзірге бұл мәселені тек талқылау кезеңінде.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 16:44