Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алты үй отқа оранды": Солтүстік өңірге "Еңбек" бағдарламасымен көшіп барғандар наразылық білдірді

Қазақстанның оңтүстігінен теріскейге “Еңбек” бағдарламасымен көшіп келген халық үкіметтен берілген үйдің сапасына шағымданды. Үйдің құрылысы нашар екені сонша, алты үй отқа оранған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Осыдан төрт жыл бұрын Подгорный ауылына 30 отбасы көшіп келіп, оларға әкімдіктен 7 миллион теңгеге үй берілді. 

Сапасыз үйлерге қоныстанған тұрғындардың арасында алты отбасы өрт шығып, баспанасынан да, дүние-мүлкінен де айырылған. Теріскейге “Еңбек” бағдарламасымен көшіп келген жұрт әкімдіктен берілген үйдің талапқа сай салынбағанын айтып, наразылық білдірді.

Подгорный ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Бота Сымайылова пештің дұрыс орнатылмауы мен үйде тартылған тоқ сымдарының сапасыздығынан өртеніп кете жаздадық деп отыр. Абырой болғанда, тілсіз жау таралмай тұрып үйден балалары мен мүгедек анасын сыртқа шығарып үлгерген.

“Электр жарығы тұйықталатын. Мен содан қорқатынмын. Ал пештен қорыққан жоқпын. Бәрі жағып отыр ғой, ешнәрсе болмас деп ойладым. Бірақ мен пештің дұрыс салынбағанын білетінмін. Көшіп келгеннен кейін бір жылдан соң еденді ауыстырып берді. Сол кезде пешті де ауыстырып беруін сұрағанда “ауыстырмаймыз, жобаға кірмеген” деді”, – дейді Бота Смайылова.

Тұрғындардың айтуынша, өрт пештен шыққан. Бұған дейін дәл осылай бес үй өртеніп кеткен көрінеді. Сондай-ақ көп үйдің төбесі мен едені шіріп кеткен. Терезенің ашық жерлерінен жел кіреді дейді жұрт. 

“Шөптікөлге бардық, одан Чапайға бардық. Кейін мына Архангельскіге, одан кейін Подгорныйға келдік. 4 жер ауыстырдық. Бүкіл жерде мына үйлердің бәрі сапасыз болды. Сол себепті бізге мына үйдің бәрін атымызға тегін аударып берсін. Сонда ғана әрі қарай өзіміз жауапты боламыз”, – дейді тұрғындардың бірі Мөлдір Шеріпова.

Алайда жергілікті билік бюджет қаражатына салынған үйлердің кепіл мерзімі аяқталғанын айтады. Сол себепті мердігерді жауапқа тартып, үйдің кем-кетігін жөндететін мүмкіндік жоқ. Тек олқылықтарды жою үшін бюджеттен қаржы бөлінетінін айтты.

“39 үйдің зерттеуін жасайды. Бізге сметасын береді. Біз аудан бюджетінен шұғыл қажеттілікке деп, сол специфика бойынша ақша бөлінеді. Арнайы комиссия жыл соңына дейін үйлердің сапасын тексеруі керек. Содан кейін ғана жөндеу жүргізіледі”, – дейді Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Асхат Бәкеев.

Шенеуніктер үй мен дүниесінен айырылған тұрғындарға қажет көмек көрсетілетінін айтты.

Талқылау