"Бес көрпе жамылып жатырмыз": Түркістанда үйін ипотекаға алған тұрғындар жылусыз қалғанын айтып шағымданды
Түркістанда көпқабатты үйлердің тұрғындары қатты аязда жылусыз отыр. Бұл үйге тұрғындар 3 жыл бұрын ипотекалық бағдарламамен кірген. Олардың айтуынша, жауапты мекеме мардымсыз жылу үшін қомақты ақы алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Тұрғындар бұл жағдай жыл сайын қайталанатынын және арнайы электр пешінің көмегімен күнелтуге тура келетінін айтты. Ал жылудың түбіртегі ай сайын кешікпей келеді. Cөздерінше, тоңбас үшін электр пешін күні-түні қосып қою да қосымша шығын болып отыр.
Тұрғын Таңшолпан Әлімханның айтуынша, ол ипотекаға алынған жаңа баспананың игілігін көре алмай отыр.
"Жылу мекемесінің адамдарына шағымданамыз, шырылдаймыз. Бес көрпе жамылып жатырмыз. Куртка мен тақия киіп ұйықтаймыз. Балаларымыз ауырып жатыр", – деді Таңшолпан Әлімхан.
Тұрғын Айбек Нышанбаевтың айтуынша, жылыну үшін қосымша жылытқыштар мен пеш қолдануға мәжбүр. Алайда жылуға жауапты мекеме өкілдері 74°C температурамен жылу беріліп жатқанын, ал пәтер ішіндегі мәселе өз жауапкершіліктеріне кірмейтінін жеткізді.
Құрылыс компаниясының өкілі Хусейн Эфэ қателердің болуы мүмкін екенін мойындап, кемшіліктерді түзетуге тырысатынын айтты. Әкімдік өкілдері мәселені 10 күн ішінде шешуге уәде берді.
"Әрбір үйде 85 пәтер бар. Әрбір үйден 550 пәтерден әрине қате шығады ғой. Біз құлмыз ғой енді. Бәрін 100% істейміз деп айта алмаймыз. Қате шығады", – деді компания өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тарифтері мен отын-энергетикалық ресурстардың бағалары тым төмен деп атап өтті. Оның айтуынша, ТМД елдеріне қарағанда Қазақстанда баға айтарлықтай төмен. Оның айтуынша, мұндай жағдай нарықтағы теңгерімсіздікке алып келеді. Қазақстандағы жанар-жағармайдың төмен бағасы оның шетелге шығарылуына себеп болады. Үкімет алдында мұндай жағдайлардың алдын алу міндеті тұр дейді Тоқаев.