Бензин құйып өртеді: Алматыда бұрынғы сүйіктісі әйелге қастандық жасады
Алматыда бұрынғы ғашығы әйелге қатыгездікпен шабуыл жасады,Ол әйелге бензин құйып, өртеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиғаны құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Facebook парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, 41 жастағы Индира ұзақ уақыт бойы бұрынғы сүйіктісінен зардап шеккен. Боприев – Ресей азаматы. Индира екеуі азаматтық некеде болған. Олар 2019 жылы ажырасады. Ал 2020 жылы ер адам оны соққыға жығып, қолын сындырады. Сот шешімі бойынша ол Қазақстаннан шығарылуы керек болды, алайда ол жасырынып жүрген.
20 желтоқсанда ер адам Индираның жұмысына келіп, оны өлтіремін деп қорқытқан. Индира полицияға қоңырау шалады, бірақ туыстарының айтуынша, полиция еш әрекет етпеген.
"21 желтоқсанда Боприев дүкенге екі канистр бензинмен, тапанша және оттықпен келеді. Тапаншамен қорқытып, сатып алушыны дүкеннен қуып жіберді де, дүкенді іштен жауып алды. Ол айналаға, әпкеме бензин құйып, өртеп жіберді. Салдарынан жарылыс болып, терезелер мен есіктер сынды. Әпкемді дүкенге келген Бауыржан Әуелбеков атты сатып алушы құтқарып, аман алып қалды", – деді жәбірленушінің туысы.
Құтқарған таксист те жарақат алып, қолын күйік шалды. Шабуылдаған ер адам жалындаған ғимарат ішінде қалып, тірідей өртеніп кетті. Ал ауыр халдегі әйел ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ дүкен мен дәріхана жанып кетті.
"Дененің термиялық күйігі – 9%. Басы, қолы, аяғы күйді, Күйіктің 2% терең ауырлық дәрежеде. Әйелде жоғарғы тыныс жолдарының жеңіл күйігі, көз конъюнктивасының I дәрежелі күйігі анықталды. Қабылдау кезінде жағдайы ауыр болып, реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Бір тәуліктен кейін күйік шалу бөліміне ауыстырылды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы орташа дәрежеде", – деп хабарлады Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Индираның сіңлісі Гүлмира бұл жағдайға полицияны кінәлап, қаскөйді бір жыл бұрын елден шығарып жібермегені үшін айыптады.
"Кінәлілер мен әрекет етпегендердің бәрі жазалансын. Ол қауіпті адам еді, әпкемнің көзін жойғысы келді. Ал полиция әрекет еткен жоқ. Бұл жағдайға олар кінәлі”, – деді Гүлмира.
Қалалық полиция департаменті бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
"Адам өлтіруге қастандық жасау фактісі бойынша (ҚР ҚК 24-бабы және ҚР ҚК 99-бабы бойынша) қылмыстық іс тіркелді. Оқиға орнында табылған қарудың тиістілігі белгіленеді. Бұдан басқа, істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені өткізіледі. Қызметтік тексеру тағайындалды. Тергеу барысы ҚР ІІМ мен Алматы қаласы ПД басшылығының бақылауында", – деді полиция.