"Белгісіз біреу бөгетті ашып жіберген": Алматы облысындағы үйлерді су алды
Алматы облысында белгісіз біреу "Айтуар" бөгетін ашып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
Алматы облысындағы Көлащы ауылының маңындағы бірнеше саяжайды су басты. Бұған белгісіз біреудің Қаскелең өзенінен суару каналына су жіберетін бөгетті ашып жіберуі себеп болған. Тасқын су кей баспаналардың ішіне дейін кіріп үлгерген.
Құқық қорғау органдары бөгетті ашқан азаматты анықтау үшін тергеу жүргізуде.
Саяжай тұрғыны Амангүл Қыдыралиеваның айтуынша, екі күн бұрын аулаға біртіндеп су кірген. Ақыры үйінің маңы көлшікке айналып, ауласын су басқан.
“Жаңа салған үйімізді су алып кетті. Үйіміздің іші отырып кетті. Іргетасы ойылып жатыр кәдімгідей. Шеттері де ойылып жатыр бөлмелердің”, – дейді әйел.
Саяжай тұрғындарының тасқын сумен күресіп жүргеніне екі күн болған. Тұрғындардың айтуынша, олар өз күштерімен канал маңына құмнан бөгет орнатыпты.
“Кеше екі күн бойы су тасқыны болды. Әкімшілікке де жолықтық. Ештеңе істей алмады. Өзіміз ар жақтан жапқан болып, барлық көрші жүгірді. Кебір үйлердің ішіне дейін су кіріп, едені көтеріліп кетті. Бала-шағаның бәрін туысқандарымызға көшірдік. Жағдай қиын болды”, – дейді тұрғын Айгүл Қалыбекова.
Жергілікті тұрғындар бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес дейді. Осындай су басу көбіне көктем мезгілінде болатын көрінеді.
Қазір зардап шеккен саяжай аулаларды қалпына келтіре бастаған. Аулаға кірген суды арнайы құрылғылармен сорылып, әр жерге бөгет қойылған.
“Айтуар каналының ауыл сыртымен айналып өзенге қосылатын судың бөгетті жауып, шаруа қожалықтары су алатын бөгетті ашып кеткен. Белігісіз кісілер. Сол себепті мына каналдың суы тасып, ауыл сайда орналасқандықтан, сайға қарай су ағып, үйлердің ауласын су алды. Негізгі себебі сол. Шамамен бұл жерде 25 үй бар. Кеше аралап көріп шықтық, төрт үйдің ауласын су алған”, – дейді Жібек жолы ауыл округі әкімінің орынбасары Ержан Хасен.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда Tasqyn су тасқынын болжау жүйесі іске қосылғаны туралы жазған едік.