Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Белгілі әнші Гүлзира Бөкейхан дүниеден өтті

Гүлзира Бөкейхан дүние салдыФото: https://www.instagram.com/gulzirabokeihan

Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан 57 жасында дүниеден озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаралы хабарды Дүниежүзі Қазақтарының Қауымдастығы жеткізді.

“Марқұмның отбасы, туған-туыстарына, жақындарына, қазақ еліне қайғыра көңіл айтамыз!
Қытай елінен атажұртқа көшіп келіп, қазақ даласын әнге бөлеген, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Гүлзира Бөкейханның дүниеден өткені туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадық.
Гүлзира Бөкейхан – шетелде жүріп-ақ қазақтың қасиетті ән өнерін сақтап, елге оралған соң ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан бірегей жан еді. Ол Қытайда туып-өскен қазақтар арасынан алғаш болып елге танылған өнер жұлдызына айналып, халқымыздың мәдени мұрасын жаңа белеске көтерді.
Марқұмның асқақ үні, сахнадағы дара болмысы, ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілігі халық жадында мәңгі сақталады. Гүлзира ханым Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған көптеген игі шараларға әрдайым қолдау көрсетіп, шетелдерге жасалған сапарларда бірге болып, қазақ өнерін төрткүл дүниеге танытуға сүбелі үлес қосты”, – делінген хабарламада.

Гүлзира Бөкейхан 1969 жылы Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесінде дүниеге келген. 

Өнерге бала күнінен құштар болған ол кәсіби жолын ерте бастады. 1983 жылы Іле облыстық өнер колледжіне оқуға түсіп, 1986 жылы аталған білім ордасын тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Іле облыстық Қазақ ән-би театрында бастады.

Кейін білімін тереңдету мақсатында 1988–1993 жылдары Бейжің Ұлттық университетінің музыка факультетінде вокал мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды.

1999 жылы тарихи Отанына оралып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасына қабылданды. Мұнда ол КСРО халық әртісі Роза Жаманованың жетекшілігімен білім алып, 2001 жылы оқуын сәтті аяқтады. Осыдан кейін өнер иесі Астана қаласына жұмысқа шақырылды.

1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген.

Астана мемлекеттік филармониясында және Президенттік мәдениет орталығында әнші болған. 

Еңбек жолы

Айта кетері, Гүлзира Бөкейхан тарихи Отанына оралғаннан кейін Алтай-Тарбағатай өңірінде сақталған көне халық әндерін жаңғыртуға айрықша үлес қосты. Қазір санаулы кәсіби мамандар ғана орындай алатын бұл сирек мұраларды заманауи өңдеуден өткізіп, Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі мен Нұрғиса Тілендиев атындағы қазақ этнографиялық оркестрінің орындауында сахнаға шығарды.

Өнер иесі осы бағыттағы концерттік бағдарламалар арқылы ұлттық музыкалық қазынаны кең аудиторияға ұсынып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында кеңінен насихаттады.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 09:58